Current Date: 09-06-2025

Ағайынды сотталушылардың адвокаты тергеудің әділ өтпегенін айтты

Дәл осы уақытта Шерзат Полаттың өліміне айыптау жөніндегі іс бойынша ашық сот процесінің 2-бөлімі Талдықорған қаласында жалғасып жатыр.

Онда ағайынды Тоқтаубаевтардың адвокаты сөз алып, қорғауындағы адамдардың еш пышақ қолданбағанын, соққы жасамағанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Біз зорлық-зомбылықты қолдамаймыз, бірақ біз кінәсізді жауапқа тартуға да қарсы тұрамыз. Біз заңның дәлдігі мен әділдігін талап етеміз" деген Гүлмира Бабажанова жарыссөзді былайша бастады.

– Мен қорғап отырған Тоқтаубаев Азамат пен Тоқтаубаев Нұрбол сол күні оқиға орнында болғанымен, олар қолына пышақ алған жоқ, соққы жасаған жоқ. Олар біреудің өмірін қиюды көздеген де жоқ. Бұл жайтты бейнежазбалар да, сотта сұраған сотталушылар мен куәлардың сөзі дәлелдейді. Бірақ, өкінішке қарай тергеу барысы әділдікке емес, эмоция мен қысымға негізделді. Куәлардың сөзі бір-біріне қарама-қайшы, тікелей беттестіру жүргізу әрекеттері заңбұзушылықтармен жүргізілген. Сотталушыларды тану қылмыстық-процесуалдық кодексінің нормаларына өрескел бұзылып жасалған. Тергеу тек топты айыптап, жеке рөлдерді ажыратпай қойған. Сот талқылау барысында Тоқтаубаев Нұрбол мен Тоқтаубаев Азаматтың кінәсін тікелей дәлелдейтін айғақтар болмағаны және ұсынылған кейбір дәлелдемелер жарамсыз екені анықталды, – дейді сотталушылардың адвокаты.

Сондай-ақ ол прокурор сұраған жаза мерзімінің тым ұзақ екенін айтты. Әрі ақтауды сұрады.

Бұған дейін адвокат Гаухар Баймұханованың марқұмдар Шерзат пен Нұрқанат және Қаржаубайдың үстінен қылмыстық іс қозғауды сұрағанын жазған болатынбыз.