Ақтауда 4 маусым — мемлекеттік рәміздер күніне орай «Ақбота» саябағындағы шолу дөңгелегіне алғаш рет мемлекеттік ту ілінді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы .
Салтанатты шара еліміздің рәміздерін құрметтеу және патриотизмді нығайту мақсатында ұйымдастырылды. Саябақта өткен іс-шараға «AMANAT» партиясының Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Анар Шамшадинова, облыстық мәслихат депутаты Абзал Марат және қала студенттері қатысты. Іс-шара барысында сөз алған депутат Абзал Марат бұл шараның жастар арасында ұлттық құндылықтарды насихаттап, елге деген сүйіспеншілікті күшейтуге бағытталғанын ерекше атап өтті.
Бүгін рәміздер күніне орай «AMANAT» партиясының Маңғыстау облыстық филиалы және «AMANAT» партиясының жастар қанатының ұйымдастыруымен қаламыздың орталық саябағындағы шолу дөңгелегіне (колесо обозрения) мемлекеттік туымызды алғаш рет ілудеміз. Біздің негізгі мақсатымыз — жастарға патриоттық тәрбие беру, сондай-ақ облыс тұрғындары мен қала қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлау. Жастар рухы — «AMANAT» партиясының жастар қанаты әр жыл сайын мерекеге орай әнұранымызды асқақтатып, көк туымызды желбіретіп келеміз. Бұл бастама жас ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті және мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыруға септігін тигізері сөзсіз,- дейді Абзал Марат.