Current Date: 09-06-2025

Қостанай облысында су құбыры желілері құрылысына 5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді

Арқалық қаласына су құбырын тартуға 872 миллион теңге бөлінді.

Қостанай облысында су құбыры желілері құрылысына арнаулы мемлекеттік қордан 5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.

"Қостанай облысы тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында арнаулы мемлекеттік қордан шамамен 5,4 миллиард теңге қаржы бөлінді", – деп жазылған хабарламада.

Бүгінде Тобыл қаласында халықтың 87,9%-ы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізу үшін қалада ұзындығы 100 шақырымнан асатын су құбыры желілерінің құрылысы басталды. Бұл мақсатқа Қордан 1,4 миллиард теңге бөлінді.


Оқи отырыңыз: Қостанайда бір келіден астам мефедрон сақтаған күдікті ұсталды


Сонымен қатар Арқалық қаласына су құбырын тартуға 872 миллион теңге бөлінді. Жоба 13 мыңнан астам тұрғыны бар қаланы ауыз сумен толық қамтамасыз етіп, 2025 жылдың соңына дейін сумен қамту деңгейін 96,5%-дан 100%-ға жеткізуге мүмкіндік береді.

"Сонымен қатар Қарабалық, Денисов, Қостанай, Федоров, Бейімбет Майлин аудандары ауылдарында, сондай-ақ Арқалық қаласындағы Жастар ауылында жалпы құны 3 млрд теңгеден асатын су құбыры желілерін тарту жоспарланып отыр", – деп жазылған хабарламада.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің деректеріне сәйкес, қазіргі таңда орталықтандырылған суға қолжетімділік Қостанай қаласында 99%-ды, ал ауылдық елді мекендерде 90,3% болды.