Елордада «Қазақстан халқы Ассамблеясы: Бірлік пен дамудың үш онжылдығы» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті. Басқосу Ассамблеяның 30 жылдығына орай ұйымдастырылды. Жиында мәдениетаралық диалогті нығайту жолындағы бірегей институттың рөлі, этносаралық қарым-қатынас мәселесі сөз болды.
Іс-шараға халықаралық ұйымдардың өкілдері, елдегі этномәдени және жастар бірлестіктерінің басшылары мен мүшелері, мемлекет, қоғам қайраткерлері, барлығы 60-қа жуық адам қатысты. Дөңгелек үстелде Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов осынау баламасыз ұйымның елдің этностық және мәдени топтары арасында бейбітшілік пен өзара түсіністікті сақтауда, әлеуметтік-саяси тұрақтылықты ілгерілетудегі өзіндік үлесіне тоқталды.
– Еліміз – миллиондаған азаматтың тағдырын бір арнаға тоғыстырған құтты мекен. Тәуелсіздік жылдарының алғашқы кезеңінде құрылған Ассамблея осы үш онжылдықта мемлекеттің дамуы мен тұрақтылығына үлкен үлес қосты. Маңызды миссияны қабылдап, ашық диалог, бірлік, теңдік қағидатының орындалуына әрекеттенді. Және бұл тәжірибе жаһан жұртына үлгі болды, – деді М.Әзілханов.
Бүгінде Ассамблея құрамында республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің басшылары мен белсенділері, белгілі қоғам қайраткерлері, саясаткерлер, Парламент пен өңірлік мәслихаттардың депутаттары, бизнесмендер, журналистер, шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар, жастар қатарынан 2 мыңға тарта адам бар.
– Ассамблеяның 30 жылдық жолы – бұл ұйымның тарихы ғана емес, еліміздің мемлекеттік бағытының маңызды құрамдас бөлігі. Бұл жолдың негізінде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қалыптасқан ұлттық бірлік, өзара құрмет және жасампаз диалог идеясы жатыр. Отандастарымыз «Алуан түрліліктегі бірлік» қағидатын берік ұстанады. Бұл орайда Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойы тек қорытынды шығару үшін ғана емес, сондай-ақ орын алып отырған проблемаларды, оларды шешу жолдарын және этносаралық қатынастар саласын одан әрі дамыту келешегін кеңінен және ашық талқылау үшін де маңызды, – деді ПІБ Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат.
Ассамблеяның мерейін асырып отырған тұшымды жобалары көп-ақ. Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің «Қоғамдық келісім» РММ директорының орынбасары Руфина Усанова бірегей ұйым тек этностардың мәдениетін дамытатын институт емес екенін айтты.
– Негізі Ассамблеяда түрлі жобалар бар. Оның ішінде қайырымдылыққа, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту бағытында, қоғамдағы өткір мәселелердің түйінін тарқатуға септесін бастамалары бар. Сондықтан ҚХА – жалпы отандық бірлік моделін насихаттайтын институт, – деді ол.