Сөздеріне сенсек, жас көшеттер қала топырағын жерсінбегеннен көгермей тұр.
Шымкентте былтыр ғана қыруар қаражатқа отырғызылған ағаштар жаппай қурап жатыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Күтім көрмеген тал-теректердің көп ұзамай солып қалғаны тұрғындар мен қоғам белсенділерінің ашуын туғызды. Олар биыл көктемде егілген көшеттер де су көрмей, жарамсыз күйге түскенін айтады.
Айтуларынша, есеп үшін қисапсыз қаражатты желге ұшыру барып тұрған бассыздық. Бұл қаладағы ең ұзын көше әл-Фарабидегі көрініс. Былтыр ғана отырғызылған 8 мың түп ағаштың біреуі де бүр жармай, қурап қалған. Қоғам белсендісі Сабыржан Байбосыновтың айтуынша бюджеттен бөлінген миллиондар осылай желге ұшқан.
"Ағаш қурамайтын уакытта ағаштардың қурап бара жатқаны жаныңа батады. Жылда осыншама ағаш егіп, ол қурап кетіп жатса, онда Шымкент қаласында көгалдандыру жұмысын мүлде тоқтату керек. Ақша бекерден бекерге шашылып, егілген көшеттерге күтім жасалмайтын болса", – деді қоғам белсендісі Сабыржан Байбосынов.
Көшеттердің көктей солуы көпшіліктің де ашуын туғызды. Мәселен, қалада 500-ге жуық шынар ағашының жапырақтары сарғайып кеткен. Көшеттерден бөлек ғасыр бұрын отырғызылған жасыл-желек те қазір аянышты күйде. Суға зәру болған шыршалар, қара ағаштар құлауға шақ тұр. Ағаштардың қурап жатқанын әкімдік өкілдері де мойындайды.
Сөздеріне сенсек, жас көшеттер қала топырағын жерсінбегеннен көгермей тұр.
"Біз өзіміздің басқарма тарапынан мамандар больп, мониторинг жүргізгенбіз. Оны біз жасырмаймыз. Қураган ағаштар бар. Бірақ ол мемлекетке берген кепілдемесі ретінде ағаш отырғызған мекеме алдағы күзде ағаш отырғызу маусымында отырғызып береді", – деді Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының бас маманы Айдос Қуанышев.
Жұмыстары өнбей жатса да жайлы ортаны дамыту басқармасы қаладағы көгалдандыруды тоқтатпаймыз дейді. Өйткені биыл да бұл бағытқа 1 миллиард теңгеге жуық ақша бөлініп, 200 мың көшет отырғызылмақ.