Былтыр елдің фармацевтика нарығының көлемі 1,2 трлн теңге болса, оның 84%-ы – шетелдік өнім.
Жоғарғы аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов азаматтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесіне жүргізілген аудит нәтижесін баяндады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты
Оның айтуынша, Қазақстанның фармацевтика нарығының көлемі 2024 жылы 1,2 трлн теңгені құраса, оның 84%-ы – шетелдік өнім.
2022-2024 жылдары медицина ғылымын қаржыландыруға 58 млрд теңге жұмсалған. Алайда биомедициналық зерттеулерді тіркеу жүйесі мен клиникалық базалар тізілімі әлі де жасалмаған.
"Ғылыми зерттеулердің нәтижелілігі өте төмен. Соңғы он жылда елімізде небәрі екі түпнұсқа отандық препарат тіркелген. 4 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалғанына қарамастан, олардың біреуі Ұлттық дәрілік формулярға енгізілмеген", — деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Мемлекет отандық фармацевтиканы дамыту үшін ауқымды көлемде жеңілдіктер мен преференциялар беруде. Соңғы үш жылда осы салаға берілген преференциялардың жалпы көлемі 148 млрд-қа жетті. Сонымен қатар Бірыңғай дистрибьютор отандық тауар өндірушілердің өнімін 10 жыл бойы сатып алуға кепілдік беретін ұзақ мерзімді шарттар жасайды. Мұндай сатып алу көлемі соңғы бес жылда 69 млрд теңгеден 112 млрд теңгеге дейін өсті.
"Отандық тауар өндірушілерден сатып алудың жалпы көлемінің өсуіне қарамастан, отандық компаниялар жеткізетін дәрі-дәрмектер ассортименті 968-ден 507-ге дейін, яғни 2 есеге жуық азайған. Басқаша айтқанда, отандық тауар өндірушілер өндірісі жеңіл медициналық бұйымдар шығаруды ұлғайтқанымен, елімізде өндірілетін дәрі-дәрмектер саны қысқаруда", — деді ЖАП төрағасы.
Жұмыс істеп тұрған 200-ден астам отандық тауар өндірушінің 34-і ғана ұзақ мерзімді шарттар түрінде мемлекеттік қолдау шарасын пайдалана алды.