2025 жылдың І тоқсанында Қазақстанға тұрақты тұруға көшіп келген азаматтар саны 4 923 адамды құрады, кеткендер саны — 1 122 адам, көші-қон сальдосы оң — 3801 адам, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елдің негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен жүрген. ТМД елдерінен келгендердің үлесі 84,1%, осы елдерге кеткендердің үлесі — 68%.
ТМД елдерінен қоныс аударып, ықтияр хат алған 4 137 адамның ішінде ең көбі Өзбекстаннан келген — 2 614 адам, Ресейден — 982 адам.
Өзге елдерден биылғы алғашқы үш айда 783 адам келді. Олардың басым бөлігі Қытай (427 адам), Моңғолия (129 адам) және Түркиядан (57 адам) келген, — делінген мәліметте.
Келгендердің басым бөлігі Алматы (1 649 адам) және Маңғыстау облыстарына (764 адам), сондай-ақ Алматы қаласына (687 адам) қоныстанған.
Айта кетейік, келгендердің негізгі үлесі (61,7%) 20 мен 44 жас аралығында.