Current Date: 13-06-2025

Шерзат ісіндегі мемлекеттік айыптаушы видео үндеу жариялап, көпті арандатушылыққа бой алдырмауға шақырды

Шерзат ісіндегі мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай видео үндеу жариялап, жұртшылықты өзінің атынан әлеуметтік желіде жалған парақшалар ашылып жатқанын ескертті. Ол өзінің фейк парақшаларындағы жалған ақпаратқа сенбеуге және оны таратпауға шақырады, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Құрметті азаматтар! Мен, Шерзат Полаттың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша мемлекеттік айыптаушы Дана Сарсенбай, әлеуметтік желілерде менің атымды, қызметімді және фотосуретімді заңсыз пайдаланып, жалған аккаунттар ашылып жатқандығына байланысты осы бейнеүндеуді жасауды қажет деп санаймын. Менің Instagram-дағы жалғыз аккаунтым тек отбасым мен жақындарыммен байланыс орнату үшін ғана құрылған. Бұл парақшада ешқандай ресми жарияланым, пікір немесе кәсіби сипаттағы ақпарат жарияланбайды. Менің атымнан ашылған басқа барлық парақшалар – жалған. Менің атымды, қызметімді немесе фотомды рұқсатсыз пайдалану, әсіресе қылмыстық іс аясында – бұл заңсыз әрекет, және ол Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады". Мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай

Оның айтуынша, аталған жалған парақшаларда:

  • түрлі блогерлерге жазылуға шақыру,
  • жалған сауалнамалар мен сілтемелер таратылады,
  • сыйлықтар мен ұтыс ойындары уәде етіледі,
  • қылмыстық іске қатысы бардай көрсетілген жалған мәліметтер таратылады,
  • менің атымнан пікірлер мен мәлімдемелер жазылады.
"Сондықтан сіздерден өтініш: мұндай сілтемелерге өтпеңіздер, күмәнді ұтыс ойындарына қатыспаңыздар, менің атымнан ұсынылған блогтарға немесе парақшаларға жазылмаңыздар. Бұл әрекеттер – алаяқтық сипаттағы схемалар болуы мүмкін. Олар сіздердің жеке деректеріңізді алу, халықты шатастыру немесе прокуратура органдарының беделіне нұқсан келтіру мақсатында жасалуда", — дейді ол.

Мемлекеттік айыптаушы желіде сақ болуға, жалған ақпаратқа сенбеуге және оны таратпауға шақырады.

"Мұндай фейк парақшалар мен жалған мәліметтер құқық қорғау органдарына деген сенімге нұқсан келтіріп, тергеу барысына кері әсер етуі мүмкін. Іске қатысты барлық ресми ақпарат тек уәкілетті мемлекеттік органдардың ресми арналары арқылы ғана жарияланады", деп сөзін түйіндейді мемлекеттік айыптаушы.

2025 жылдың 5 маусымында Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша үкім шығарды.

Қайғылы оқиға 2024 жылғы қазанның 3-інен 4-іне қараған түні Талғар қаласындағы "Қамажай" дүкенінің маңында болған. Басты сот талқысы 2025 жылдың 17 сәуірінде басталып, екі айға жуық уақытқа созылды. Зардап шеккендер ретінде марқұмның туыстары: әжесі Жұмабике Қадірова, әкесі Қаржаубай Нұрымов және анасы Гүлбара Бишімбиева танылды. Рысқұлово ауылының тоғыз тұрғыны айыпталып, сотқа тартылды.