Current Date: 15-03-2025

"Әр басталған нәрсенің соңы бар": танымал фристайлшы Жанбота Алдабергенова спорттық мансабын аяқтады

Фристайл-акробатикадан Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі, Әлем кубогы кезеңдерінің жүлдегері Жанбота Алдабергенова спорттық мансабын аяқтау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Ұлттық Олимпиада комитеті.

Спорттағы мансабйын аяқтайтыны туралы спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеген.

"Әр басталған нәрсенің соңы бар. Мен өз спорт түріме әуеде қалықтаудың ләззатын сыйлағаны үшін шексіз ризамын. Бұл сезімді қатты сағынатын боламын!

Маған әлемді көру мүмкіндігін бергенің үшін рақмет. Рухы мықты, ерекше жандармен таныстырғаның үшін алғыс айтамын. Командама барлық еңбегі мен қолдауы үшін, сондай-ақ менің спорттық жолымда бірге жүрген барша жанға үлкен рақмет!

Өз мансабымда әр деңгейдегі 125 жарысқа қатыстым: үш рет қысқы Олимпиада ойындарына, сегіз рет әлем чемпионатына, 54 рет Әлем кубогының кезеңіне, төрт рет жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына. Жалпы, 14 рет жеңімпаз атанып, 33 рет жеңіс тұғырына көтерілдім.

Өкінішке қарай, Олимпиада ойындарында медаль жеңіп алу бұйырмады. Демек, Қазақстанда бұл тарихи жетістікке жететін спортшы мен емес болғаным ғой.

Дегенмен, еліміздің фристайл-акробатикасына үлкен үлес қосқанымды және осы спорт түрінде әзірге ешкім жетпеген нәтижеге қол жеткізгенімді мақтанышпен айта аламын (мақтанғаным емес, бұл шындық).

Мен Қазақстанда Олимпиада чемпионы шығатынына сенемін және соған үлкен үміт артамын.

Ал мансабымды аяқтауымның басты себебі – өткен маусымның желтоқсанында алған жарақатым (жамбасымның шығуы). Денсаулық мен үшін қазір бәрінен маңызды", — деп жазған Жанбота Алдабергенова.