Current Date: 09-06-2025

Ермек Көшербаев пен Жеңіс Қасымбек елордадағы әлеуметтік жобаларды тексерді

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында елордада жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобалар туралы жазба жариялады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Әкімнің айтуынша, қалада бірқатар маңызды әлеуметтік нысанның құрылысы жүріп жатыр. Олардың қатарында мектептер, балабақшалар, Оқушылар сарайлары, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларына қатысты мекемелер бар. Сонымен қатар, пайдалануға берілген нысандарға да жүйелі түрде қолдау көрсетілуде.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаевпен бірге Жеңіс Қасымбек бірқатар әлеуметтік нысанды аралап, олардың жұмысымен танысты. Солардың бірі – JOLTAP жобасы. Бұл бастама 2023 жылдың күзінде іске қосылып, азаматтарға жаңа мамандықтарды тегін меңгеруге, кәсіп бастауға, жұмыс табуға және мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңес алуға мүмкіндік беріп отыр.

Бүгінге дейін бұл жоба аясында 13 мыңға жуық адам оқудан өткен. Қатысушылар тігінші, бариста, жиһаз жасаушы, сатушы-кассир, дәнекерлеуші секілді 11 түрлі жұмысшы мамандығы, сондай-ақ SMM, веб-сайт жасау, графикалық дизайн, видеомонтаж сынды 7 цифрлық дағды бойынша білім алуда. 2025 жылы тағы 5,3 мың адамды жұмысшы мамандықтар бойынша және 2,7 мың адамды цифрлық дағдылар бойынша оқыту жоспарланған.

Сонымен қатар, JUMYSTAP атты сервистік платформа іске қосылған. Бұл жүйе жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты жеңілдетеді. Жобаға Астананың ірі жұмыс берушілері тартылған.

JOLTAP жобасы – Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға бағытталған және жұмыспен қамтудың қолданыстағы тетіктерін толықтыратын бастама.

Әкімнің айтуынша, сондай-ақ, «Асыл Мирас» аутизмі бар балаларды қолдау орталығының жұмысымен танысу мақсатында бару ұйымдастырылған. 2023 жылдың сәуірінде ашылған орталықта 13 арнайы жабдықталған кабинет пен ата-аналарға арналған 3 күту аймағы бар. Қазіргі таңда орталықта 20 педагог 6 интервенциялық бағдарлама бойынша тегін қызмет көрсетіп отыр. Сонымен қатар, 0–3 жас аралығындағы балаларға арналған ерте қолдау бағдарламасы да енгізілген.

Қазіргі уақытта елордада:

  • 4 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті,

  • 2 оңалту орталығы,

  • 2 аутизмі бар балаларды қолдау орталығы жұмыс істейді.

Білім беру ұйымдарының 95%-ында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқытуға жағдай жасалған.

Сондай-ақ, әкім «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жұмысын атап өтті. Бұл мекеме 2022 жылдың басында жаңа құрылым ретінде ашылып, үй жағдайында және жартылай стационар форматында әлеуметтік және оңалту қызметтерін ұсынып келеді.

Өз тарапымыздан мұндай орталықтардың желісін қолдауды және кеңейтуді жалғастырамыз, – деп жазды Жеңіс Қасымбек.