Белгілі геолог, геология-минералогия ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнеркәсіп қызметкері, Қазақстан мұнайшы-геологтар қоғамының президенті Балтабек Мұқанұлының Қуандықов дүниеден озды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Балтабек Мұқанұлының мезгілсіз қайтыс болуына байланысты Энергетика министрлігі көңіл айтты.
Балтабек Мұқанұлының бүкіл еңбек жолы еліміздің минералдық-шикізат базасын дамытуға, Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін нығайтуға, көмірсутек ресурстарын барлау мен игеруге ғылыми тәсілдерді енгізуге арналған еді. Ол өзінің еңбек жолын 1971 жылы Биікжал мұнай барлау экспедициясынан бастаған. Жұмыс істеген жылдары ішінде Қарашығанақ, Жаңажол, Имашев, Кенбай, Әлібекмола, Арман және басқа да Қазақстанның ірі мұнай-газ кен орындарын ашу мен игеруге зор үлес қосты. Ол «Қазақстанкаспийшельф», Ұлттық мұнай-газ компаниясы «Қазахойл», «Нельсон Ресорсиз Лимитед», «Меридиан Петролеум» сияқты жетекші салалық компанияларды басқарды, сондай-ақ Chevron Overseas Petroleum халықаралық корпорациясында кеңесші болып еңбек етті.
Балтабек Мұқанұлы – Қазақстанның геологиясы мен мұнай-газ саласына арналған «Палеонтологиялық қалдықтар атласы», «Мұнай-газ геологиясы терминдерінің глоссарийі» сынды іргелі еңбектерді қоса алғанда, 10 монография мен 80-нен астам ғылыми жарияланымның авторы атанған танымал ғалым.
Ол «Құрмет», «Парасат», ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапатталып, әл-Фараби атындағы Қазақстан Республикасының ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығына ие болды.
Балтабек Мұқанұлы – кәсіби маман ғана емес, сонымен қатар еліне шын берілген нағыз патриот, өз ісіне адалдықтың және жоғары азаматтық жауапкершіліктің үлгісі болды. Оның бұл дүниеден өтуі – Қазақстанның геология және мұнай-газ саласы үшін орны толмас қаза.
Балтабек Мұқанұлы Қуандықовтың жарқын бейнесі оны таныған, бірге еңбек еткен әріптестерінің, шәкірттерінің, достары мен замандастарының жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның отбасы мен туған-туыстарына орны толмас ауыр қайғыға байланысты шын жүректен қайғырып, көңіл айтамыз"-делінген ведомтво көңіл айту хатында.