Current Date: 09-06-2025

Ролан Гаррос турнирінің жеңімпазы анықталды

Бүгін отандасымыз Анна Данилина жұптық сында чемпиондық атақты сарапқа салады.

Америкалық теннисші Кори Гауфф 2025 жылғы Франция ашық чемпионаты — әйгілі "Ролан Гаррос" турнирінің жеңімпазы атанды. Әйелдер арасындағы жекелей сында өнер көрсеткен 20 жастағы спортшы финалда әлемнің бірінші ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенконы аса тартысты матчта жеңіп шықты — 6:7 (5:7), 6:2, 6:4.

2 сағат 40 минутқа созылған финал шын мәнінде турнирдегі нағыз шоуға айналды. Гауфф үш эйс жасап, сегіз қос қателікке жол берсе, Соболенко екі эйс пен алты қос қателік тіркеді. Бірінші сетте тай-брейкте жеңіліп қалса да, Кори табандылық танытып, ойынның бағытын толықтай өз жағына бұра білді. Бұл оның "Үлкен дулыға" турнирлеріндегі екінші титулы. Ол алғашқысын 2023 жылы АҚШ Ашық чемпионатында иеленсе, енді міне Париж төрінде де топ жарды.

Айта кету керек, Гауфф 2007 жылдан бері "Ролан Гарросты" жеңіп алған ең жас чемпион атанды. Бұған дейін бұл атақты сербиялық Ана Иванович еншілеген еді.

Турнирде Қазақстанның үздік теннисшісі Елена Рыбакина да өнер көрсетті. WTA рейтингінде 11-орында тұрған отандасымыз 1/8 финалға дейін жетіп, Ига Швентекке 4:6, 3:6 есебімен жол берді.

Ал Гауффтың бұл жеңісі оған €2 550 000 (шамамен $2,9 миллион) көлемінде сыйақы мен WTA рейтингінде 2000 ұпай әкелді. Турнирден кейін ол әлемдік рейтингтегі екінші орнын сақтап қалып, жалпы ұпайын 6 538-ге жеткізді.

Осылайша Кори Гауфф тек кортта ғана емес, қазіргі әйелдер теннисінің басты жұлдыздарының бірі екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Сонлай-ақ ерлер арасындағы жұптық сында испаниялық Марсель Гранольерс пен аргентиналық Орасио Себальос осы турнирде чемпион атанды. Финалда олар британдық Джо Солсбери мен Нил Скупскиден 6:0, 6:7 (5:7), 7:5 есебімен басым түсті.

Бүгін испаниялық Карлос Алькарас "Ролан Гаррос" Франция ашық чемпионатының финалында сынға түседі. Бұл жолы ол алғаш рет италиялық Янник Синнермен Филипп-Шатрие кортында кездесетін болады.

Сонымен қатар бүгін қазақстандық жанкүйерлерді тағы бір тартысты матч күтіп тұр. Анна Данилина сербиялық Александра Круничпен жұптасып, әйелдера арасында "Ролан Гаррос" жұптық сайысының финалында өнер көрсетеді.

Бас жүлде үшін таласта Данилина мен Крунич италиялық Сара Эррани мен Жасмин Паолиниге қарсы кортқа шығады. Бұл тартысты кездесу Астана уақытымен сағат 14:00-де басталады.

Жанкүйерлер мен сарапшылар бұл кездесудің фавориті ретінде тәжірибелі Эррани мен Паолини дуэтін атауда. Алайда Данилина мен Крунич те оңайлықпен беріле қоймасы анық. Олар финалға дейінгі ойындарымен жанкүйерлердің үмітін оята білді.