Current Date: 15-03-2025

Тоқаев: Аналары алаңсыз қоғамда балалар да бақытты өмір сүреді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде ана мен баланың жағдайы дұрыс болса, әлеуметтің жағдайы да дұрыс болатынын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Қымбатты ханымдар, Сіздер, әлемге әдемілік пен үйлесім, шаңыраққа жылылық пен жайлылық сыйлап келесіздер. Сіздерге өскелең ұрпақты тәрбиелеу, отбасылық құндылықтарды ілгерілету секілді айрықша жауапкершілік жүктелген. Барлық салада адал еңбек етіп, табанды да тиімді жұмыстарыңызбен мемлекетіміздің әлеуеті мен беделін нығайтып жүрсіздер. Аналары алаңсыз қоғамда балалар да бақытты өмір сүреді. Ана мен баланың жағдайы дұрыс болса, әлеуметтің жағдайы да дұрыс болады. Сондықтан болашағын ойлаған ел, ең алдымен, әйелдердің жағдайын жақсартуды ойлайды". Президент Қасым-Жомарт Тоқаев

Президент мемлекеттің әйелдерді барынша қорғауға және жан-жақты қолдауға баса мән беретінін атап өтті.

"Мемлекетіміз әйелдерді барынша қорғауға және жан-жақты қолдауға баса мән береді. Осы бағытта нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Менің тапсырмаммен отбасы институтын нығайтуды көздейтін маңызды шаралар қабылданды. Барлық аймақта қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсететін орталықтар ашылып жатыр. Көпбалалы аналарды қолдаудың ұлттық моделі қалыптасты. Соның арқасында жыл өткен сайын көп балалы отбасылардың саны артып келеді", — деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің лауазымды қызметтерді жауапкершілікпен атқарып жүргенін жеткізді

"Қазір әйелдер түрлі салада табысты еңбек етіп жүр. Мемлекеттік қызметшілердің жартысынан көбі – әйелдер. Білім беру, денсаулық сақтау саласындағы мамандардың 70 пайыздан астамы да – әйелдер қауымы. Сондай-ақ олар төтенше жағдайлар, қорғаныс және құқық қорғау органдарында табысты жұмыс істеп жүр. Көптеген әйелдер лауазымды қызметтер атқарады, Сіздердің араларыңызда да табысты басшылар аз емес. Қыз-келіншектер бизнесте де жетістікке жетіп жүр. Бойларыңыздағы мақсаткерлік пен жасампаздық қуаты ең батыл бастамаларыңызды жүзеге асыруға көмектесіп келеді. Берік азаматтық ұстанымдарыңызды танытып, қоғамдық жұмысқа да жан-жақты атсалысасыздар. Маңызды бастамалар мен халыққа қажетті әлеуметтік жобаларды іске асырып жүрсіздер. Қай іспен айналыссаңыздар да жауапкершілікпен қарап, ұдайы оң нәтижеге қол жеткізіп келесіздер", — деді Тоқаев.