Current Date: 09-06-2025

«Таза Қазақстан- таза болашақ» телемарафоны: Туған ауылын түлеткен жандар

Бейсенбіде «Qazaqstan» ұлттық арнасы «Таза Қазақстан- таза болашақ » деген телемарафон өткізген. Себебі 5 маусым – Қоршаған ортаны қорғау күні. Жан-жағымызды таза ұстау, тал егу идеясы тасталғалы бері рас, бетбұрыс байқалады. Телемарафон осы ниеттен айнымауды шегелейді. Тілшілер өзекті мәселелер мен ғылыми жобаларға тоқталды, үлгі-өнеге болатын адамдарды, елді мекендерді көрсетті. Сонда Түркістан облысының Төле би ауданына қарайтын Мәдени деп аталатын алақандай ауылдан меншікті тілші Ғани Қалмаханов репортаж берген.

Материал өзі еккен аршаны суарып жүрген 9-сынып оқушысы Нұрбақыттан басталады.

Қураған ағашты қырқып, саябақтарға егілген гүлдерді арам шөптен тазарту, аяқжолдарды айнадай қылып жалтыратып қою, тағысын тағы – бүкіл жұмысты ауылдың үлкендерінен бастап ойын баласына дейін бірлесіп істейді екен. Және ылғи сөйтетіндері көрініп тұр. Ауыл тап-таза!

Ауылдан түлеп ұшқан қалталы азаматтар бірігіп, асфальтталған көшелердің бүлінген жерін бүтіндеуге де жәрдемдеседі.

Иә, жеріміздің басым бөлігі шөл және шөлейтті. Алайда шөлдің өз сұлулығы бар және ол жерлерді де жасыл-желекке айналдыруға болатынын біздің мысалы, Қызылорда облысындағы тілші Әділбек Серікұлының репортаждарының кейіпкерлері баяғыда дәлелдеп қойған.

Осы жер көктесін дейтін әрбір адам оны ісімен дәлелдей алады. Мәселе тал егуде ғана емес. Қарапайым ғана. Жүрген жерді ластамай, қақырынып-түкірмей.