"Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы", "Қазақстанның еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері" құрметті атақтары алғаш рет табысталды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қазақстанда мемлекеттік марапаттар жүйесіне жаңадан 9 құрметті атақ енгізілді. Соның ішіндегі екі марапат алғаш рет тапсырылды.
Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиын кезінде айтты.
"Әлемдік додаларда топ жарып, еліміздің абыройын асқақтатып жүрген аруларымыз да бар. Біз қажырлы еңбегімен, ерен ерлігімен танылған қыз-келіншектерді мақтан тұтамыз. Тәуелсіздік жылдары өз саласының үздігі атанған 8 әйелге "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы берілді. Биыл елімізде – "Жұмысшы мамандықтары жылы". Қазір осы саладағы білікті мамандардың мәртебесін көтеру үшін белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Мысалы, мемлекеттік марапаттар жүйесіне жаңадан 9 құрметті атақ енгізілді. Бүгін осындай екі марапат алғаш рет тапсырылады", — деді Тоқаев.
Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы» атағы еңбек ардагері Ольга Шелудькоға берілді.
Ал өндіріс озаты Майра Ерманова "Қазақстанның еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері" атанды.
"Осындай нағыз еңбек адамдарына бүкіл ел болып құрмет көрсетіп, оларды жан-жақты дәріптеуіміз керек. Жұмысшы мамандықтары жылының түпкі мәні де – осы", — деді Президент.