Current Date: 09-06-2025

"Атлетико де Мадрид" клубы Қазақстаннан өз академиясын ашады

Академия құрылысы үш кезеңмен жүргізіледі.

Бірінші кезең – балалар академиясының нысандарын салу – 2025 жылдың мамырында басталып, 2026 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жұмыс сапарымен Талғар ауданына барды. Сапар барысында өңір басшысы болашақ "Атлетико де Мадрид" футбол академиясының құрылыс алаңында болып, жобаның жүзеге асу барысымен танысты.

Жоба Талғар ауданындағы жұмыс істеп тұрған "Ақбұлақ" спорт орталығының базасында жүзеге асырылуда. 2024 жылдың қыркүйек айында "Sport Asset Management" қоғамдық бірлестігі мен "Doscar Group" ЖШС испаниялық "Атлетико де Мадрид" футбол клубымен бірлескен қызмет туралы келісімге қол қойды. Осы келісім аясында Орталық Азияда алғашқы "Атлетико де Мадрид Қазақстан" футбол академиясын құру жоспарланған. Қазіргі таңда қонақүй ғимараты қайта жаңартылып, бір футбол алаңының реконструкциясы қарқынды жүргізілуде. Бұл нысанның пайдалануға берілу мерзімі – 30 маусым.

Өзге нысандар бойынша жобалық құжаттамаларды келісу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 20 киім ауыстыратын бөлме, душ кабиналары, медициналық пункттері, жаттығу және конференц-залдары, көрермендерге арналған алаңдары бар әкімшілік-тұрмыстық кешен бар.

Сондай-ақ, қыс мезгілінде жаттығуға арналған жасанды жабыны бар жабық каркасты футбол залы және жасанды төсемі бар екі ашық футбол алаңы, қақпашыларға арналған жаттығу алаңы бойынша келісу жұмыстары жасалуда. Бұрынғы садақ ату ғимаратын заманауи өткізу пунктіне айналдыру, яғни кіру аймағы, санитарлық тораптар, күту залы және кафетерий қарастырылған.

Жобаның екінші кезеңінде кәсіби футбол командаларына арналған инфрақұрылым құрылмақ. Ал, үшінші кезеңде 10 000 көрерменге арналған үлкен стадион салу көзделіп отыр.

Академия тек спорттық база ғана емес, болашақта әлемдік деңгейдегі футболшыларды дайындайтын орталыққа айналып, қазақстандық футболдың дамуына жаңа серпін береді деген зор сенім бар.