Қаржы министрлігі бюджет шығыстарын мемлекеттік аудиттеуді цифрландыруды жүзеге асыруда, оның ішінде «Онлайн бюджет мониторингі» (ОБМ) модулін енгізуді қолға алды
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Аталған жүйе қаржы қаражатының мақсатты пайдаланылуын нақты уақыт режимінде бақылауға, бақылау процестерін автоматтандыруға және заңбұзушылықтарды жедел анықтауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде қаржылық операциялардың ашықтығы артып, бюджет қаражатын басқару тиімділігі артады.
Жүйе әлеуметтік сала ұйымдарында жалақы төлемдерін қашықтан бақылауға жол ашады. Қазіргі таңда мониторинг білім беру саласымен қатар, денсаулық сақтау, мәдениет, туризм және спорт салаларын да қамтиды. Күн сайын 140 миллион теңгеден астам сомадағы транзакциялар мен шамамен 6 мың мемлекеттік мекеменің операциялары талданады.
Биылдан бастап жедел әрекет ету шаралары арқылы 664 миллион теңгеден астам қаражатты мақсатсыз пайдаланудың алдын алуға қол жеткізілді.
Алайда алдын алу шаралары кейбір өрескел заңбұзушылықтарды болдырмауға жеткіліксіз. Мұндай жағдайда тиісті шаралар қабылданады.
Мәселен Батыс Қазақстан облысы аудандарының біріндегі кітапхана жүйесінде жүргізілген тексеріс барысында бухгалтердің жеке шотына 45 миллион теңгеден астам заңсыз төлемдер анықталды.
Алматы қаласында Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің аумақтық департаменті тарапынан бірнеше ескерту жасалғаннан кейін, қалалық Білім басқармасы арнайы гимназия директоры мен бір жалпы білім беретін мектептің бухгалтерлер тобын жұмыстан босату туралы шешім қабылдады.
ОБМ жүйесін дамытудың маңызды кезеңі ретінде тәуекелдер анықталған жағдайда мониторинг нысандарына автоматты түрде хабарламалар генерациялау және жолдау функциясы енгізілді. Сонымен бірге, бұл ақпараттар Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен оның аумақтық департаменттеріне де бір уақытта жіберіледі. Бұл қабылданатын шаралардың алдын алуға бағытталғанын тағы бір мәрте көрсетеді.
«Онлайн бюджет мониторингі» модулі үлкен көлемдегі мәліметтерді өңдеу уақыты мен аудиторлардың хабарлама дайындауына жұмсалатын уақытты едәуір қысқартты. Бұл өз кезегінде бақылау шараларының жеделдігін және сапасын арттырады.
Сонымен қатар, ҚР Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті мен «Электрондық қаржы орталығы» АҚ бірлесіп, мобильді қосымшалар арқылы заңсыз алынған бюджет қаражатын қайтарудың жаңа функционалын әзірлеуде. Бұл цифрлық шешім алдын алу шаралары аясында ерікті түрде қайтару рәсімін айтарлықтай жеңілдетеді.
Қаржы министрі Мәди Такиев министрлік барлық процестерін цифрландыруға ұмтылып отырғанын атап өтті.
Оның айтуынша, заманауи технологияларды енгізу бюджет қаражатын басқарудың ашықтығын, жеделдігін және тиімділігін арттыруға бағытталған. Министр цифрлық құралдарды, соның ішінде «Онлайн бюджет мониторингі» модулін пайдалану адами фактордың ықпалын азайтып, рутиналық операцияларды автоматтандыруға және бақылау сапасын арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Болашақта ОБМ модулінің функционалын кеңейту және оны басқа цифрлық платформалармен интеграциялау бірыңғай, ашық әрі орнықты бюджетті басқару кеңістігін құруға жол ашады. Бұл мемлекеттік қаржы жүйесін тиімді басқару бағытындағы маңызды қадам болмақ.