Current Date: 09-06-2025

Қазақстанда 3000-нан астам ауыл жоғары жылдамдықты интернетке қосылады

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен " Қазақтелеком " АҚ арасында еліміздің 3000-нан астам ауылын интернет желісіне қосу жөнінде инвестициялық келісім жасалды.

Жобаның арқасында талшықты-оптикалық байланыс желісінің құрылысы жоспарланған мерзімнен бір жыл бұрын – 2026 жылдың соңына дейін аяқталмақ. Ал шалғай орналасқан ауылдар 2027 жылдың соңына дейін жерсеріктік байланыс арқылы интернетке қосылады.

Жобаны толық жүзеге асыру нәтижесінде, 2027 жылдың соңына қарай ауылдық елді мекендердің 99%-ы жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізе алады.

Интернет мектептер, ауруханалар, әкімдіктер, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық Wi-Fi нүктелері орналасқан орындарда, сондай-ақ мемлекеттік шекарадағы 40-тан астам өткізу бекеттерінде қолжетімді болады. Жалпы қосылу 88% жағдайда талшықты-оптикалық, ал 12% – жерсеріктік арналар арқылы жүзеге асады.

Бұл бастамаға 239 миллиард теңгеден астам жеке инвестиция тартылып отыр, жоба бюджет қаржысынсыз жүзеге асады. Мұндай ауқымды іске "Қазақтелеком" АҚ-ның дамыған инфрақұрылымы мүмкіндік беріп отыр.

Сонымен қатар, ауылдарда ұялы байланыс базалық станцияларының инфрақұрылымы да нығайтылатын болады. Талшықты-оптикалық желілерді станцияларға дейін жеткізу мобильді интернеттің және жалпы байланыс сапасының жақсаруына ықпал етеді.

Министр Жаслан Мәдиевтің айтуынша, бұл бастама – өңірлерді цифрлық теңдікке жеткізу жолындағы маңызды қадам.

"Біз өңірлерді дамытуға тең жағдай жасайтын цифрлық іргетас қалап жатырмыз. Міндетіміз – ауылдарды интернетке қосумен қатар, елді мекендерді елдің цифрлық экожүйесіне енгізу. Бұл білім алу, медицина, мемлекеттік қызметтерге тең дәрежеде қолжеткізудің негізі. Инфрақұрылым тұрақты және ашық түрде жұмыс істегенде, шағын бизнес, ауыл мектептері мен жастарға арналған жаңа кәсіптік бағыттарды дамытуға жол ашады". Жаслан Мәдиев

"Қазақтелеком" АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин де жобаның маңыздылығын атап өтті.

"Ең бастысы – білім алу, өзін-өзі дамыту мен заманауи технологияларды пайдалануда ауылдағы бала мен қаладағы баланың мүмкіндіктері тең дәрежеде болуы тиіс. Біз цифрлық теңсіздікті жоюды еліміздің түкпір-түкпірінен, шалғай жатқан ауылдардан бастадық. Интернетке қол жеткізу – көптен бері сән болудан қалды, бұл халықаралық деңгейде, оның ішінде БҰҰ мен еліміздің Президенті мәлімдегендей, негізгі қажеттілік". Бағдат Мусин

Өз ауылдық елді мекеніңіздің интернетке қосылу мүмкіндігін telecom.kz/kk/auylonline сайтынан тексеруге болады.