Current Date: 14-03-2025

Білім беру, денсаулық сақтау саласындағы мамандардың 70 пайыздан астамы – әйелдер қауымы

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады , деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің лауазымды қызметтерді жауапкершілікпен атқарып жүргенін жеткізді.

"Қазір әйелдер түрлі салада табысты еңбек етіп жүр.

Мемлекеттік қызметшілердің жартысынан көбі – әйелдер. Білім беру, денсаулық сақтау саласындағы мамандардың 70 пайыздан астамы да – әйелдер қауымы. Сондай-ақ олар төтенше жағдайлар, қорғаныс және құқық қорғау органдарында табысты жұмыс істеп жүр.

Көптеген әйелдер лауазымды қызметтер атқарады, Сіздердің араларыңызда да табысты басшылар аз емес. Қыз-келіншектер бизнесте де жетістікке жетіп жүр.

Бойларыңыздағы мақсаткерлік пен жасампаздық қуаты ең батыл бастамаларыңызды жүзеге асыруға көмектесіп келеді. Берік азаматтық ұстанымдарыңызды танытып, қоғамдық жұмысқа да жан-жақты атсалысасыздар. Маңызды бастамалар мен халыққа қажетті әлеуметтік жобаларды іске асырып жүрсіздер. Қай іспен айналыссаңыздар да жауапкершілікпен қарап, ұдайы оң нәтижеге қол жеткізіп келесіздер", — деді Президент.