Қызметінен шеттетілген Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ель қамаудан босатылды, деп хабарлайды CNN сот шешіміне сілтеме жасап.
Сеулдің орталық аудандық соты қамауға алу туралы шешімді бұзып, оны босатуға рұқсат берді. Бұрынғы президент бүлікке жетекшілік етті деп айыпталған, бірақ басылымның хабарлауынша, бұл қылмыс қамауға алу туралы ордер беруді сұраған Жоғары лауазымды шенеуніктер арасындағы сыбайлас жемқорлықты тергеу басқармасының құзырына жатпайды.
Сонымен қатар айып айыпталушының қамауда ұстау мерзімі өткеннен кейін тағылған.
Былтыр 3 желтоқсанда Корея президенті Юн Сок Ёль елде әскери жағдай жариялаған. Бұл шешімін ол "конституциялық тәртіпті қорғау" және "солтүстіккореялық коммунистік күштер тарапынан төнген қауіп-қатердің алдын алу" ниеті деп түсіндірді.
Әскери жағдай енгізу туралы шешімге Демократиялық партияның оппозициялық лидері Ли Джэ Мен келіспеген. Ол партия мүшелерін парламент ғимаратына жиналуға шақырған. Кейін республика парламенті әскери жағдайды жою туралы шешім қабылдаған.
Сол уақытта оппозициялық партия президентті отставкаға кетуге шақырды, ал Оңтүстік Корея полициясы Юн Сок Ёльге қарсы мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырғаны үшін тергеу жұмыстарын бастаған.
Осы уақытта Оңтүстік Кореяның қорғаныс министрі қызметінен кететінін жариялап, "әскери жағдайдың енгізілуі халық арасында алаңдаушылық пен шатасуға алып келгені үшін" кешірім сұраған. Президент әкімшілігінің басшысы мен тағы 10 аға хатшы да қызметтерінен босатылған.
Екі күннен кейін оппозициялық партия президент Юн Сок Ёльге импичмент жариялау процедурасын бастағаны белгілі болды. Бірақ сол кезде дауыс беру жүзеге аспай қалған, себебі билеуші партияның депутаттары отырысқа бойкот жариялаған.
Президент кейін халық алдында сөз сөйлеп, мұндай шешімді "шарасыздықтан" қабылдағанын айтып кешірім сұраған. Басқа бір сөзінде ол импичмент бойынша дауыс беру аяқталғанша отставкаға кетпейтінін мәлімдеген. Алайда 14 желтоқсанда парламент президентке импичмент жариялауды қолдап дауыс берген.
31 желтоқсанда Сеулдің Батыс округтік соты Юн Сок Ёльге билікті теріс пайдаланғаны және бүлік ұйымдастырғаны үшін қамауға алу туралы ордер берді. Бұл айыптар желтоқсанның басында оның елде әскери жағдай енгізгеннен кейін тағылған.
Кейін қаңтарда прокурорлар елдің қызметінен уақытша шеттетілген президенті Юн Сок Ельге қарсы ресми түрде айып тақты — ол бүлік жасады деп айыпталды.