Шымкентте «Келешек мектептері» жобасымен 9 мектеп жаңғыртудан өтеді.
Бұл мектептердің артықшылығы- оқушыларға қолайлы ортада сапалы білім беретін кеңістік құрылады. Сондай-ақ, балалардың жазғы демалысын тиімді өткізу үшін спорттық, шығармашылық және STEАM үйірмелер ашылады.
Нұрай Оразхан Ұлттық жоба аясында салынған «мектепке» ауысқалы химияны терең меңгеруге ден қойды. Айтуынша, теориялық білім тәжірибелік іліммен ұштасып, қызығушылығы артқан. Түрлі ғылыми жобаны талдап, пән олимпиадасына өз зерттеулерін ұсынбақ.
Нұрай Оразхан, оқушы:
- Біз қышқылдықтың ортасын, бейтарап, сілтілік және қышқылдық орталарын табу арқылы өзіміздің химиядан білімімізді арттырамыз. Практика арқылы жаңа ғылым, білімді ашамыз.
Оқушылардың жазғы демалысын пайдалы өткізу үшін STEАM кабинетінің жанынан үйірме ашылды. Мұнда ІТ технологиялар мен робототехниканы меңгеруге жағдай жасалған. Сондай-ақ оны бағдарламалау үйретіліп, инженерлік ойлау жүйесі дамытылады. 3Д принтермен жаңа модельдер жасауға мүмкіндік алады.
Кәусар Ділдәбек, оқушы:
- Бұл біздің болашағымызға қосқан үлкен үлес. Себебі қазір ІТ саласы өте қатты дамып келе жатыр. Осы үйірмеден алған білімімізді болашақта пайдалана аламыз. Басында олардың құрылымын және мұны қалай әрі қарай дамытуға болатыны туралы үйрендік.
Бұл білім ордалары интерактивті тақталар, заманауи лабораториялық кабинеттер және жоғары жылдамдықтағы интернет желісімен қамтылған. Енді жалпы оқу ордалары осындай «келешек мектептердің» үлгісінде салынады. Биыл осы мақсатта тоғыз бірдей нысанға күрделі жөндеу жасалып жатыр.
Гүлнәр Дәрібаева, қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Барлық мектептер сол «Келешек мектептерге» теңдес болса деген арман-ниетіміз бар. Қазір бізде мұндай күрделі жөндеуде 9 мектебіміз бар. Сыртқы үлгілері де сол «Келешек мектептер» типтес әрленетін болады. Сол «Келешек мектептерге» теңестіріледі.
Шымкентте «Келешек мектептің» жобасымен 18 білім ордасын салу жоспарланса, оның 11-і қолданысқа беріліп, 16 мыңға жуық оқушы жаңартылған білім беру бағдарламасымен қамтылды. Нәтижесінде шалғай шағын аудан балалары да орталыққа қатынамай-ақ сапалы білім алу мүмкіндігіне ие болды.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Самат Нағашбекұлы