Current Date: 10-06-2025

Серіктестікті тереңдетуге мүдделі

Иран тарапының шақыруымен Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Иран Ислам Республикасына ресми сапармен барды.

Сапар бағдарламасы Иран Президенті Масуд Пезешкианмен кездесуден басталып, тараптар қазақ-иран ынтымақтастығының өзекті мәселелерін талқылады, сондай-ақ екіжақты қатынастарды жан-жақты нығайтуға ниетті екенін растады.

Кездесу барысында сауда-эконо­микалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тараптар 2024 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымының 50 пайызға артқанын атап өтіп, бұл көрсеткішті одан әрі ұлғайтуға мүдделілік танытты. Каспий теңізінің транзиттік әлеуетін пайдалану және «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін дамыту мәселелерін қоса алғанда, көлік-логистика саласындағы бірлескен жұмыс перспективалары қарастырылды.

Кездесу нәтижесінде Масуд Пезешкиан қазақ-иран қатынас­тарының деңгейіне жоғары баға беріп, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ізгі тілегін жолдады.

Осы сапары аясында Мұрат Нұртілеу Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі Сейед Аббас Аракчимен келіссөздер өткізді. Министрлер екіжақты өзара іс-қимылдың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Бұған қоса сауда-экономикалық серіктестікті тереңдетуге ерекше назар аударылып, ынтымақтастықты сапалы жаңа деңгейге шығару қажеттілігі аталып өтті.

«Біз екі ел арасындағы сындарлы әрі қарқынды диалогті кеңейтуді жалғастырамыз. 2024 жылы екіжақты тауар айналымы 12,3%-ға өсіп, 340 млн доллардан асты. Ал 2025 жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш 82%-ға артып, 129 млн долларды құрады. Біз осы оң қарқынды сақтап, өзара сауданы 3 млрд долларға дейін ұлғайтуды көздеп отырмыз», деп мәлімдеді М.Нұртілеу.

Қазақстан және Иран сыртқы сая­си ведомстволарының басшылары Каспий өңірін дамыту мәселелері бойынша күш-жігерді үйлестірудің маңызына тоқталды. Сондай-ақ Қазақстанның шекара маңындағы облыстары мен Иран провинциялары арасындағы ықпалдастықты кеңейту және екі елдің Каспий порттарының әлеуетін толық пайдалану маңызды бағыт ретінде аталды.

Тараптар халықаралық алаң­дардағы өзара іс-қимылды оң бағалап, аталған бағыттар бойынша жұмысты жалғастыруға уағдаласты. Келіссөздердің қорытындысы бойынша екі елдің сыртқы істер министрліктері арасында Ынтымақтастық бағдарла­масына және Дипломатиялық архив саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Сонымен қатар Қазақстан Сыртқы істер министрі ИИР Жоғарғы көшбас­шысының Халықаралық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Али Акбар Велаятимен кездесу өткізді. Онда саяси, экономикалық және мәдени салалардағы байланыстарды нығайту талқыланды. Сондай-ақ өңірлік пен халықаралық ұйымдар шеңберіндегі ықпалдастық және өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.

Бұған қоса М.Нұртілеу Иранның «Kaveh» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Мохаммад Садег Кавені қабылдады. Сұхбат барысында сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, соның ішінде өнеркәсіп пен логистика салаларындағы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру перспективалары қаралды. Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымын арттыру және халықаралық көлік дәліздері аясында транзиттік мүмкіндіктерді пайдалану мәселелері де күн тәртібінен тыс қалған жоқ.