Current Date: 10-06-2025

Әлем чемпионатына іріктеу: Қазақстан өз тобында қай орында тұр

2026 жылғы футболдан әлем чемпионатына іріктеу турнирінің J тобындағы кезекті матчтардан кейін Қазақстан құрамасының жағдайы өзгерді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Қазақстан өз алаңында Солтүстік Македония құрамасынан 0:1 есебімен жеңілді. Қонақтар сапынан жалғыз голды 33-минутта Александр Трайковски соқты. Осы ойынан кейін Бельгия мен Уэльс құрамаларының матчы өтті. Бұл нағыз тартысқа толы кездесу болды: бельгиялықтар алғашқы таймда-ақ 3:0 есебімен алда келе жатқан, алайда Уэльс таразы басын теңестірді. Сөйте тұра Бельгия тағы бір гол соғып, жеңісті тартып алды — 4:3. Жеңімпаздар тарапынан гол авторлары: Ромелу Лукаку (15-минут, пенальти), Юри Тилеманс (19-минут), Жереми Доку (28-минут) және Кевин Де Брюйне (88-минут). Уэльс құрамасынан Харри Уилсон (45+7, пенальти), Сорба Томас (52-минут) және Бреннан Джонсон (70-минут) мергендік танытты.

Бельгияның бұл жеңісінен кейін Қазақстан турнир кестесінде үшінші орыннан төртінші орынға сырғыды.

J тобындағы командалардың қазіргі жағдайы мынадай:

Солтүстік Македония — 8 ұпай (4 матч),

Уэльс — 7 ұпай (4 матч),

Бельгия — 4 ұпай (2 матч),

Қазақстан — 3 ұпай (3 матч),

Лихтенштейн — 0 ұпай (3 матч).