Бас прокурор Берік Асылов Қазақстан Қарулы Күштерінде тәртіп пен қауіпсіздікті арттыруға бағытталған жаңа жобаларды таныстырды. Оның айтуынша, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен әскердегі тәртіпті күшейту, сарбаздардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – қазіргі кезеңдегі маңызды міндеттердің бірі, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Әскердегі тәртіп – адамға құрметтен басталады, – деді Асылов.
Оның айтуынша, президенттің тапсырмасына сәйкес, әскери қызмет қауіпсіздік, абырой, тәртіп пен әділет қағидаттарына негізделуі тиіс.
Осыған орай, Бас әскери прокуратура екі жаңа жобаны жүзеге асыруға кірісті:
- «Әскердегі заң және тәртіп»,
- «Цифрлық профилактика».
Жобалар аясында бірқатар жаңашыл шара қолға алынады. Мәселен, әскери бөлімдерде заманауи бейнебақылау жүйелері орнатылады, ал жасанды интеллект технологиялары жеке құрамның қауіпсіздігін талдап, бағалауға көмектеседі.
Сонымен қатар, сарбаздар мен командирлерге бейнежетондар беріледі. Бұл — оқу-жаттығу, атыс және жауынгерлік кезекшілік кезінде бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.
Қазірдің өзінде armia.kz сайтында цифрлық кеңесші іске қосылды. Сонымен қатар, сарбаздардың қайда, қалай жүгінуі керектігін білетіндей нақты байланыс арналары енгізілуде, – деді бас прокурор.
Тағы бір жаңалық — медициналық комиссия отырыстарының бейнетіркелімі. Бұл денсаулығында кінәраты бар азаматтардың әскерге заңсыз шақырылуын болдырмауға бағытталған.
Берік Асыловтың айтуынша, бұл бастамалар әскери қызметті қауіпсіз әрі әділетті етуге бағытталған жүйелі шешімдердің бір бөлігі ғана.