Current Date: 12-06-2025

Ақтөбеде 300 Әлия бас қосты

"Әлия" есімі бүгінде ел ішінде ардақталып, 70 мыңнан астам азаматшаға берілген. Оның ішінде 4 мыңға жуығы – Ақтөбе облысының тұрғындары.

Ақтөбеде Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойы аясында ерекше мазмұндағы форум өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Мен – Әлиямын!" атты бұл ауқымды жиынға батыр қызбен аттас 300-ге жуық нәзік жан жиналды. Форум батыр рухына тағзым ету, есімінің мәңгілік екенін паш ету, жас ұрпаққа өнеге көрсету мақсатында ұйымдастырылды.

Форумға келгендердің ең үлкені – 88 жастағы қария болса, ең кішісі – 2 айлық сәби. Айта кетерлігі, бүгін сағат 07:45-те тағы бір Әлия дүниеге келіп, шара аясында қуанышты хабар жеткізілді.

Форумға жиналған 300 қатысушының дені – дәрігер, мұғалім, өнер және спорт саласының үздіктері. Әрқайсысы өз саласында жетістікке жетіп, елге қызмет етіп жүрген жандар. Ерекше атап өтерлігі, қатысушылардың қатарында батырдың туған күнінде дүниеге келген 4 Әлия және "Ілия" есімімен тіркелген, бірақ бейресми түрде Әлия деп аталатын жандар да болды.

Жиын барысында әр салада үздік нәтижелерге қол жеткізген Әлияларға құрмет көрсетілді. Батырдың туған күнінде дүниеге келген Әлияларға гүл шоқтары ұсынылды.

Форумға дейін шара қатысушылары Әлия Молдағұлованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ерлікке тағзым етті.