Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті жанынан Түркі мәдениеті және мұрасы орталығы ашылады. Бұл туралы Түркістанда өтіп жатқан «Түркі өркениетінің ескерткіштері: зерттеу, сақтау және реставрациялау әдістері» тақырыбындағы II Халықаралық түркі әлемі сәулетшілері мен реставраторларының симпозиумында айтылды. Бұдан бөлек, алқалы жиында тағы қандай мәселелер қаузалды?
Халықаралық симпозиум түркі өркениетінің сәулет ескерткіштерін зерттеу, сақтау және қалпына келтіруге арналды. Түркі әлемі мемлекеттерінің тарихшы ғалымдары мен сәулетшілері, реставраторлары тарихи мұраларды қалпына келтіруге қатысты өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасты. Жиында Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова қордың жұмысымен таныстырды.
Ақтоты Райымқұлова, Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті:
- Жалпы біздің түркі дүниесінің ескерткіштерін қалай сақтау керек? Оларды қалай жаңғырту керек, жаңарту керек, реставрация жасау керек, музейлендіру керек? Осы сұрақтар бойынша халықаралық тәжірибені жинақтап, осындай жиынды ұйымдастырып, оқу бағдарламаларды жасап жатырмыз.
Симпозиумның негізгі мақсаты – түркі өркениетінің сәулет ескерткіштеріне жататын құнды мұраларды халықаралық деңгейде насихаттау. Жиында Түркістан қаласының тарихи-мәдени ескерткіштері де назардан тыс қалмады. Оны зерттеуге түркі мемлекеттерінің жетекші ғалымдары атсалыспақ.
Ертай Алтаев, облыс әкімінің орынбасары:
- Симпозиум жұмысына отандық және шетелдік жетекші мамандардың қатысуы бұл бастаманың халықаралық деңгейдегі маңызын айқындайды. Бірлескен ізденістер мен тәжірибе алмасу арқылы біз сәулет мұрасын сақтау ісінің жаңа кезеңіне қадам басамыз деп сенемін.
Айта кетейік, Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қоры былтыр 75 жобаны іске асырған. Симпозиум жұмысы алдағы уақытта түркі елдерінің түкпір-түкіпірінде ұйымдастырылып, ғылыми негіздегі диалог алаңына айналмақ.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш