Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Словакия Премьер-министрі Роберт Фицомен келіссөз жүргізді.
Президент екі елді тығыз ықпалдастық байланыстыратынын жеткізіп, ірі жобалар жүзеге асып жатқанын атап өтті. Дегенмен, әлеуеті мол жаңа бағыттар да бар. Қасым-Жомарт Тоқаев сол үшін бұл сапарға ерекше мән беретінін айтты. Сондай-ақ Словакияны Қазақстанның Еуропа Одағындағы негізгі серіктестерінің бірі санайтынына тоқталды. Өз кезегінде Роберт Фицо саяси ұстанымында алшақтық жоқ екенін растап, экономикалық байланыс пен достыққа баса мән беру керек деді. Сапар қорытындысы табысты болатынына сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Тиісті деңгейде зерделеп және болашақта қолға алатын жаңа бағыттар бар деп ойлаймын. Сондықтан Сіздің бұл сапарыңызға ерекше мән береміз, сондай-ақ екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді деген сенімдеміз. Сіздің еліңізбен қарым-қатынасты жоғары бағалаймыз және Словакияны Қазақстанның Еуропа Одағындағы негізгі серіктестерінің бірі санаймыз. Сол себепті мен Президент ретінде мемлекеттеріміз арасындағы ықпалдастықты түрлі салада кеңейту үшін бар күш-жігерімді саламын.
Роберт Фицо, Словакия премьер-министрі:
– Жоғары Мәртебелі Президент мырза, қонақжайлық танытқаныңыз үшін зор ризашылығымды білдіремін. Елдеріміздің саяси ұстанымында алшақтық жоқ екенін растаймын. Сондықтан өзара тиімді экономикалық байланыс пен достыққа баса мән беруіміз керек. Бүгін біз қос тарапқа да қызықты әрі маңызды бірнеше жобаны талқылаймыз.