Current Date: 13-06-2025

Ресейде мұнай арзандап, экспорт азайды

Жақында Еуроодақ Ресейге қарсы жаңа санкциялар пакетінде шекті мұнай бағасын тағы төмендетуді ұсынды. Ресейдің қара алтыны арзандай бастаған соң, экспорт та 27 пайызға азайған. Санкция астында қалған елде инфляция шарықтап барады. Бізбен байланысқа Мәскеудегі меншікті тілшіміз Индира Бегайдар шығып тұр. Индира, дағдарыстың алдын алу үшін қандай шара қолданылмақ?

Индира Бегайдар, тілші:

Иә, жыл басынан бері Ресей мұнайы 25 пайызға бір-ақ арзандаған. Сондықтан үкімет ұлттық қордың қаражатына қол созып отыр. Тіпті ұлттық қордағы алтынын саудалай бастады. Санкцияның 18-пакетіне сәйкес Ресейдің мұнайы барреліне 60 доллар емес, 45 доллардан сатылады. «Бұл шектеу Ресей мұнайының экспортын екі есе қысқартады», — дейді мамандар. Осыған дейін Қытай, Үндістан, Африка елдеріне экспорт көлемі өсіп, қазынаға қаржы түсетін. Енді сыртқы сауда азайды. Кәсіпорындардың өкілдері дағдарысқа қарсы шаралар қабылдау қажеттігін айтады.

Эльмар Апаев, кәсіпорын өкілі:

Басында өніміміз үшін қолданылатын бөлшектердің басым бөлігі Еуропа елдерінен жеткізілуі тиіс еді. Алайда санкция салынып, бәрін Қытайдан тасыдық. Қазір ол да мүмкін емес. Үлкен экономикалық қиындықтарға ұшырадық.

Теңіз экспортының жартысынан айырылған Ресейдің танкерлері де әлемдік саудадан шығарылды. Санкцияның 18-пакетіне сәйкес, Ресейлік шикізаттан жасалған дизель отынын сатып алуға тыйым салынады. Сонымен қатар машина жасау, металдар, пластмасса және химиялық заттарды тасымалдауға болмайды. Тағы 22 Ресей банкіне экономикалық шектеулер салынбақ. Сарапшылардың айтуынша, жаңа санкциялар пакеті Ресей экономикасы үшін ең ауыр соққы болмақ. Үкімет дағдарысқа қарсы шараларды жақын күндері жариялайды.

Индира Бегайдар