«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Атырау облысына жұмыс сапары барысында «Атырау мұнай өңдеу зауытында» (АМӨЗ) болып, кәсіпорын қызметіне қатысты өндірістік кеңес өткізді.
ҚМГ басшылығына биылғы 5 айдағы зауыт жұмысының алғашқы нәтижелері ұсынылды. Осы кезеңде зауыт 2,39 млн тонна шикізат өңдеді. Зауыт жоспарланған көрсеткіштерден асып, жеңіл мұнай өнімдерінің негізгі түрлерінде оң нәтиже көрсетті. Сұйытылған мұнай газын өндіру ісі 105,5 мың тоннаны құрап, 12%-ға өсті.
Барлық маркалы автомобиль бензинін шығару көлемі 775,2 мың тонна болды. Әсіресе, АИ-95 бензинінің өндірісі 140,8 мың тоннаны құрап, жоспардан 16%-ға асып түсті. Сондай-ақ бензол өндірісі де едәуір өсті – жоспардағы 7,8 мың тонна орнына 24,6 мың тоннаға жетті.
Сонымен бірге, зауыт мазут өндірісін азайтты, бұл жеңіл мұнай өнімдерін ұлғайту стратегиясына сәйкес келеді. Зауыттың сапа көрсеткіштері де жақсарды: мұнай өңдеу тереңдігі шамамен 89%-ға жетіп, жеңіл мұнай өнімдерін өндіру көлемі 77%-ға дейін өсті.
Кеңесте баяу кокстеу қондырғысының реакторларын ауыстыру мен жөндеу, электр беру желісі мен газ турбиналы электр станциясын салу, сондай-ақ үш жылдық жөндеуаралық кезеңге өту жайлы есептер тыңдалды. Алдағы жоспарлы алдын алу жұмыстарға дайындық мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, пентан-гексан фракциясын және газ конденсатын өңдеуге арналған тарифтер белгілеу мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Зауыт мамандары Tazalyq экологиялық жобасының жүзеге асырылу барысы және кешенді экологиялық рұқсат алу процесі туралы ақпарат берді.