Current Date: 15-03-2025

Қазақстандықтарға Ұлттық қордан 8 миллион доллар төленді

Бұл туралы БЖЗҚ баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"2025 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша "Ұлттық қор — балаларға" бағдарламасы іске қосылған 2024 жылдың 1 ақпанынан бастап "БЖЗҚ" АҚ 8 млн аса АҚШ долларына 75 329 өтініш орындады (өтініш берушілердің банктік шоттарына аудару үшін уәкілетті операторларға аударылды). Оның ішінде тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында 4,65 млн астам АҚШ долларына 43 781 өтініш, білім алу ақысын төлеу үшін шамамен 3,35 млн АҚШ долларына 31 548 өтініш орындалды. Естеріңізге сала кетейік, нысаналы жинақтарды алушы барлық соманы немесе оның бір бөлігін пайдалануға құқылы, ақшаның пайдаланылмаған қалдығы нысаналы жинақтау шотында қала береді", - делінген БЖЗҚ хабарламасында.

Тұрғын үй жағдайларын жақсарту аясында қазақстандықтар қаржыларын көбінесе мынадай мақсатта пайдаланды:

одан әрі жинақтау үшін тұрғын үй құрылысы жинақтарындағы салымды толықтыру (4,53 млн аса АҚШ долларына 42 622 өтініш орындалды),

тұрғын үй сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарнаны енгізу — 37,44 мыңнан аса АҚШ долларына 362 өтініш,

азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алу (түпкілікті есеп айырысу) — 32,81 мыңнан аса АҚШ долларына 325 өтініш.

Білім алу ақысын төлеу бойынша ең танымал қосалқы мақсаттар:

Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан білім ұйымдарының білім беру қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе бір рет толық көлемде (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеу (2,88 млн аса АҚШ долларына 27 020 өтініш орындалды),

білім алу үшін жинақтау салымы туралы шарт бойынша білім алу жинақтау салымын толықтыру (354,24 мыңнан аса АҚШ долларына 3 421 өтініш орындалды),

шетелдік білім беру ұйымдарының оқыту қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе толық көлемде біржолғы (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеу (99,78 мыңнан аса АҚШ долларына 971 өтініш орындалды).