Current Date: 12-06-2025

Депутат банктік шоттарды толықтай бұғаттау мәселесін реттеуді талап етті

Мәжілісмен Серік Ерубаев 2025 жылғы 11 маусымдағы Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында ел азаматтарының банктік шоттарының бұғатталуына қатысты шағымдарын жеткізді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Серік Ерубаев партияға ел азаматтарынан банктік шоттарын толықтай бұғаттауға қатысты көптеген шағым келіп түсетінін атап өтті.

"Бұл — бүгінгі күндегі өзекті мәселелерінің бірі. Бұл — азаматтардың қаржылық құқықтарының бұзылуының айқын дәлелі. Қазіргі уақытта егер азаматтардың салықтар, айыппұлдар, коммуналдық төлемдер бойынша берешегі болса, сот орындаушысы қарыздың сомасына да қарап жатпастан банктік шоттарды толығымен бұғаттай береді. Мысалы, егер азаматтың шотында 300 мың теңгесі болса, ал борышы небәрі 50 мың теңгені құраса, онда барлық 300 мың теңге де бұғатталады. Мұндайда азаматтар тамақ пен дәрі-дәрмек сатып алу сияқты күнделікті қажеттіліктерін де қанағаттандыру мүмкіндігінен айырылады", — деп сөзін толықтырды депутат.

Ол сот орындаушылары борышкерлердің берешегін өндіріп алу үшін "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес осы тетіктерді пайдаланатынын атап өтті.

"Олардың ішінде ең тиімдісі — банктік шоттарды толығымен бұғаттау әдісі. Бұл тәсіл сот орындаушыларына азаматтардың конституциялық құқықтарын бұза отырып, өз құзіретін шексіз барынша пайдалануға мүмкіндік береді. Тіпті, қарыз сомасы өтелгеннен кейін де, мән-жайларды анықтау және шоттарды бұғаттан босату шін сот орындаушысына екі-үш күн қажет болуы мүмкін. Ал егер шотты бұғаттау демалыс күнінде жүргізілсе, бұл мәселені одан сайын ушықтыра түседі", — дейді Ерубаев.

Сондай-ақ, ол істің санатына байланысты өндіріп алынатын соманың 25% -ына дейін құрауы мүмкін сот орындаушысының сыйақысы бар екенін еске салды.

"Мемлекет басшысы 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында осы мәселеге назар аударып, азаматтардың шоттарын толық бұғаттау тәжірибесін тоқтатуды тапсырған. Алайда, содан бері бір жылға жуық уақыт өткеніне қарамастан, бұл салада өзгерістер байқалмайды. Біз өз халқының әлеуметтік әл-ауқатын ойлайтын мемлекет өз азаматтарын негізсіз шектемеуі керек, бірақ әділдік пен құқықтық тепе-теңдікті қамтамасыз етуге міндетті деп санаймыз", — деп сөзін толықтырды депутат.

Ол "Ақ жол" фракциясы заң деңгейінде шоттарды толық емес, ішінара – борыш сомасы шегінде бұғаттауды ұсынатынын атап өтті. Сондай-ақ, мемлекеттік органдарға өндіріп алынған нақты соманы көрсетуді және шектеулер енгізбес бұрын ерікті түрде қосымша өтеу мерзімін бере отырып, азаматтарды алдын ала хабардар етуді міндеттеу ұсынылады.

Бұған дейін Мәжіліс депутаттарының бірі ипотекалық несие қолжетімді бола түсуі үшін бірқатар ұсынысты алға тартқанын жазғанбыз.