Current Date: 13-06-2025

Бұл жекешелендірудің жөні бөлек

Жекешелендіру тақырыбына қоғам селқос қарамайды. Кеше де, бүгін де жекенің қолына өтіп жатқан әрбір нысанның кейінгі тағдырына қатысты халық көңіліндегі алаң сейілген емес. 90-жылдардың екінші жартысында бірнеше мың теңгеге сатылып кеткен әлеуметтік маңызы бар нысанды мемлекеттің 2010 жылдары бернеше млрд теңгеге қайта сатып алғанын ел ұмытқан жоқ.

Елімізде мемлекеттік ак­тивті жаппай жекеше­лендіру үдерісін 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейін аяқтау тапсырылды. Мұн­дай мерзім Президенттің экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы Жарлығында да айтылды. Жекешелендіру аясында 2030 жылға дейін мемлекеттің үлесі бар 475 компания са­тыл­мақ. Осылайша, Үкімет мемлекеттің экономикадағы үлесін қысқартқысы келе­ді. Жоспар бойынша кәсіп­орын­дардың жартысынан астамы 2025–2026 жылдары жекенің қолына беріледі. Мемлекет тек стратегиялық маңызы бар және әлеуметтік мәні зор салаларда қалуы керек.

«Мемлекет иелігінен алу және жекешелендіруге қатыс­ты дұрыс тәсілдерді қалып­тастырудың қазіргі жағ­дайын нақты түсіну үшін Экономи­калық ынтамақтастық және да­му ұйымы (ЭЫДҰ) мен Дү­ние­жүзілік банк маманда­рын шақыру қажет. Бұл ортамер­зімді кезеңге арналған егжей-тегжейлі жоспарлы индика­тор­ларды құруға және жекеше­лендіру жөніндегі кешенді жос­парды дайындауға көмектеседі. Алғашқы толқында Кеңес жүйе­сінен техникалық-тех­нология­лық тұрғыдан ескір­ген және бұ­рыннан тиімсіз жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын­дар мұра­ға қалды. Дәл сол кезде олар­ды мемлекеттік жәр­дем арқы­лы қолдау бюджет­ке үлкен ауыртпалық түсіре­тін еді. Ақырында экономикалық дағдарыс ұзаққа созылды, нә­тижесін ел сезіне алмады. 2010 жылдан бері жекешелендіру бағытында көзге көрінбес кедер­гілер пайда болды. Жекелеген компаниялар активтері ІРО-ға дайын болмады, ішкі тазарту, қайта құрылымдау жүргізу қажеттігі сезілді. Үкіметке бірін­ші кезекте ІРО-ға шығатын мемлекеттік компаниялардың ішкі құрылымын реттеу мәсе­лесін қолға алу керек», дейді сарапшы Бейсенбек Зиябеков.

Біздің экономикада мемлекет үлесі басым екені жасырын емес. Әр 30 сегменттің 20-сында мемлекеттің үлесі бар. ЭЫДҰ елдері үшін орташа көрсеткіш – 13. Экономист Арман Бейсембаевтың айтуын­ша, халықаралық тәжірибеде мемлекеттік меншікті жеңілдік­пен бөлу арқылы ұлттық ин­вес­торлардың қалыптасуына басымдық беріледі.

«Бұл жолғы жекешеленді­руді 90-жылдардағы науқанмен салыстыруға болмайды. Ол кездегі науқанның сыртқы сипа­ты да өзгеше болды. Жос­пар­лы экономикадан на­рық­тық экономикаға көштік. Жеке­ше­лендірудің қандай болуы ке­ректігіне байланысты нақты жоспар болмады. Қазір Үкімет­те жекешелендіру барысын бақылауға, жоғарғы төреші рө­лін атқарып, ойын ережелерін жазуға мүмкіндік бар», дейді ол.

Отандық инвестор, фармацевтика нарығындағы ірі ойыншы Мерей Сламұлының сөзінше, жекешелендірудің саяси астары да бар секілді. Мәселен, БАҚ-та Атырау мұ­най өңдеу зауытының үлесі ре­сей­лік «Татнефть» мұнай ком­­паниясына сатылатыны туралы ақпаратқа елдің назары ауды. Сонымен қатар сирек кездесетін бағалы металдардың дерегі де шетелдіктерді бейжай қалдырмады.

«Қазір әлемдік экономика бір-бірімен интеграцияланып кетті. Мұхиттың арғы жағындағы АҚШ-тағы ірі компанияның акциясын сатып алуға да мүмкіндік бар. Үкімет тек халықтың қаржы сауаттылығына емес, қор нарығы сегментіндегі сауаттылыққа да назар аударса екен деймін. Сол кезде ел көңілінде «компаниямыз немесе байлығымыз шетелге өтіп жатыр» деген қауіп сейіледі. Еліміз нарықтың бір субъектісі ретінде әлемдік үдерістерден қалыс қала алмайды. Тараптармен арадағы келісім айқын болса, зауыттарымызды сатып алушы тарап мемлекеттің экономикалық саясатына қарсы тұратын ше­шімдер қабылдай алмайды. Үкімет жекешелендіруге жататын нысандардың форматын әртараптандырды. Бұған дейінгі жекешелендіруде шетелдік инвесторлар тек шикізат ресурстарына басымдық берсе, енді телекомуникация нарығы да тартымды нарық ретінде таңдалып жатыр», дейді сарапшы бізбен болған әңгімесінде.

АЛМАТЫ