Current Date: 13-06-2025

TikTok-та құмар ойын ұйымдастырған алматылықтар сотталды

TikTok желісінде тікелей эфир арқылы онлайн құмар ойындарын ұйымдастырған Алматының екі тұрғынына қатысты іс аяқталды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, сот оларды заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырды деп таныды.

Тергеу деректеріне сәйкес, бұл азаматтар әлеуметтік желіде жүйелі түрде тікелей эфирлер өткізіп, онда құмар ойындарын жүргізген. Көрермендер ойынға қатысу үшін банк қосымшалары арқылы ақша аударған. Заңсыз жолмен алынған табыс көлемі 10,5 миллион теңгені құраған.

Сот шешімімен айыпталушылардың бірі 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды, ал екіншісіне 2 жыл 6 айға бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Айта кетерлігі, бұл эфирлердің негізгі аудиториясы TikTok-тың жас қолданушылары.

Еске салсақ, 2024 жылдың тамызында Астанада да екі тұрғын TikTok желісінде "Зарик" деп аталатын құмар ойынды ұйымдастырып, 34 миллион теңгеден аса заңсыз табыс тапқаны үшін сотталған болатын. Прокуратура дерегінше, олар бұл әрекетті алдын ала сөз байласу арқылы, топпен жасаған.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!