Current Date: 13-06-2025

Қос азаматтығы бар 6 адам елден депортацияланды

Көші-қон заңнамасын бұзған бойынша бірнеше азамат жауапқа тартылды.

Жыл басынан бері Абай облысында азаматтыққа қатысты 12 құқық бұзушылық анықталды. Нәтижесінде 6 шетелдік елден шығарылса, қалған 6-уы айыппұл төледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңдарына сәйкес, елімізде қос азаматтыққа жол берілмейді. "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" заңның 3-бабына сай, еліміздің азаматы өзге мемлекеттің азаматтығында қатар жүре алмайды.

Егер қазақстандық азамат басқа елдің азаматтығын алса, ол 30 күн ішінде бұл жайында Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарына немесе консулдық мекемелерге хабарлауға міндетті. Бұл талапты орындамаған жағдайда Қазақстан Республикасы аумағынан шығарып жіберіледі.

Сондай-ақ биыл жарты жыл ішінде Абай облысының көші-қон қызметі басқармалары мен бөлімшелері 269 азаматтықтан шығу туралы өтінішті тіркеген. Оның ішінде 263 өтініш – Ресей Федерациясының азаматтығына, қалғандары АҚШ, Түркия, Қырғызстан және Чехия азаматтығын алуына байланысты берілген.

Абай облысы полиция департаменті азаматтарды заң талаптарын бұзбауға, қос азаматтықты жасырудың ауыр құқықтық салдары болатынын ұмытпауға шақырады.