Солтүстік Қазақстан облысында биыл жұмысшы мамандықтар бойынша 2 мыңға жуық колледж түлегі диплом алады, деп хабарлайды 24KZ. Олардың барлығы қазірдің өзінде жұмысқа орналасты. Жас мамандар еңбек жолын жергілікті кәсіпорын, зауыт, фабрикалардан бастайды. Осылайша еңбек нарығы аспаз, дәнекерлеуші, тас қалаушы, шаштараз, ауыл шаруашылығы механизаторларымен толықпақ.
Өңірде жұмысшы кадрларын даярлау ісіне көп көңіл бөлініп жатыр. Биыл оқу гранттарының үлесі 50%-ке дейін ұлғайтылмақ. Облыста кәсіптік және техникалық білім беретін 24 колледж жұмыс істейді.
Бауыржан Зейнуллин, Білім басқармасы бөлімінің басшысы:
- Биыл Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен жұмысшы мамандықтарына оқитын студенттер арасында ТОП-100 байқауы ұйымдастырылды. Одан үздік атанғандары бірден жұмысқа орналасады. Бұл сертификаттармен кәсіпорындарға жолдама алады.