Астанада алаяқтық дерегі бойынша сот үкімі шықты. Жергілікті әйел балаларын балабақшаға орналастырғысы келген 30-дан астам ата-ананы алдап соққан , деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Алаяқ ата-аналардың байланыс нөмірлерін 2ГИС қосымшасындағы «Пікірлер» бөлімінен тапқан. Онда пайдаланушылар балабақшаға қабылдау бойынша кеңес пен көмек сұрап жазба қалдырған. Әйел өзін делдал ретінде таныстырып, балаларды Indigo24.kz платформасы арқылы орналастыруға көмектесетінін айтқан. “Қызметі” үшін ата-аналардан ақша алғаннан кейін байланысқа шықпай, ізін суытқан.
Астана қаласының прокуратурасы таратқан мәліметке сәйкес, тергеу барысында 30-дан астам эпизод анықталған. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын 1 миллион теңгеден асқан.
Сотта айыптау тарапы алаяқтың кінәсін толық дәлелдеді. Әйел қылмысын мойындап, ақшаның бір бөлігін қайтарып, өкініш білдірген. Сот оның жағдайын ескере отырып, 4 жылға бас бостандығын шектеу және пробациялық бақылау тағайындады.
Үкім заңды күшіне енді.