Current Date: 13-06-2025

Автонарық пен несиенің арасалмағы

Елдегі көлік өндірісі мен автонесие сұранысы қатар шарықтап барады. Бір қарағанға, индустрия дамып жатқандай. Алайда санға үңілсек, ішкі өндірістің үні бәсең. Нарықтың шынайы келбеті сырттан келетін модельдер мен арзан несиенің елесінен көрінбейді.

Инвестиция айтарлықтай өсті

Былтыр елімізде жалпы құны 1,9 трлн теңге болатын 147 431 көлік өндірілді. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 1,6%-ға аз. Өндіріс көлемі сәл төмендегенімен, автоөнер­кәсіп әлі де машина жасау секторы­ның басты тірегі болып отыр. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, былтыр автоөнеркәсіп машина жасау саласының 41%-ын қамтыған. Басты жетістік – инвестиция көлемінің айтарлықтай өсуі. Автоөндіріске 189,8 млрд теңге құйылған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 5 есе, 5 жыл бұрынғы көрсеткіштен 20 есе көп. Қаржының негізгі бөлігі Алматы мен Қостанайдағы зауыт­­тарды кеңейтуге, жаңа жаб­дық орнатуға және ком­поненттік өндірісті жолға қою­ға бағытталды. Сонымен қатар Саран қаласында шина зауыты іске қосылып, оңтүстіктегі ин­дус­­триялық аймақта қосал­қы бөлшектер шығаратын кәсіп­орындар жұмыс істей бастады.

– Қарқынды дамып жатқан жаңа бағыт – компоненттер өндірісі. Майда торапты әдіс­пен жасалатын автомобиль не­ғұр­­лым көп болса, сала компо­нент шығарушылар үшін соғұр­лым тартымды болады. Авто­өнер­кәсіптің мақсаты – сол кө­лем­ді ұлғайтып, шағын және орта бизнесті тарту. Ірі ком­пания­лардың төңірегіне конвейерге ғана емес, екінші нарыққа да компонент ұсына алатын шағын және орта кәсіп өкілдерін шо­ғыр­ландыру қажет. 2025 жылы аса ірі инвестициялық жобалар жүзеге асады деп күтіп отырмыз, – дейді Қазақстан автокөлік одағының (ҚАО) президенті Анар Мақашева.

Сатылған үш көліктің екеуі – отандық...

ҚАО дерегінше, биылғы қаң­тар-сәуірде елде 47 мыңнан астам техника өндірілген. Өндіріс­тің негізгі бөлігін жеңіл көлік құрайды: 43 мың. Қалғаны – жүк көлігі, автобус, тіркеме және арнайы техникалар. Анар Мақа­шеваның айтуынша, елімізде сатылған әр үш көліктің екеуі – отан­дық өнім. Бірақ бұл жерде «отан­дық» ұғымының нақты нені біл­діретіні өз алдына үлкен сұрақ.

пр

– 2025 жылдың алғашқы төрт айында елдегі автоөндіріс кәсіпорындарының өндірістік көлемі өткен жылдың деңгейінде сақталып тұр. Бұл көрсеткіштер саланың тұрақты әрі болжам­ды жұмысын білдіреді. Техно­логиялық үдерістерге терең үңілу­ге ден қою да маңызды тренд­ке айналды, елде жасалатын ав­токомпонент үлесі басым бо­лып келеді. Мұның барлығы өңір­лерде жоғары өнімді жаңа жұмыс орындарын ашуға, индустриялық инфрақұрылымды дамытуға және елдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға ықпал етеді, – дейді.

Қай маркаға сұраныс жоғары?

Жеңіл көлік өндірісі бұрынғы­д­ай, басым бағыт болып қалды. Былтыр елімізде 133 978 жеңіл көлік құрастырылған. Бұл – барлық өндірістің 91%-ы. Сонымен қатар 7 705 жүк көлігі, 2 942 автобус, 2 141 тіркеме және 665 арнайы техника жасалған. Жүк көліктері мен автобустар өндірісі біршама қысқарған. Өндірістік көлем бойынша көш басында – Қостанайдағы «Allur» зауы­ты. Мұнда 90 515 техника құрас­ты­рылды. Бұл өткен жылмен салыс­тырғанда 0,3%-ға ғана жоғары.

Алматыдағы «Hyundai Trans Kazakhstan» 45 410 жеңіл көлік өндіргенімен, оның көрсеткіші 7,1%-ға төмендеген. Ал Семейдегі «СемАЗ» зауытында керісінше, өсім байқалады – 4 271 бірлік техника (+12,8%). «QazTehna» (Саран) 1 576 техника шығарса, «КамАЗ Инжиниринг» (Көкшетау) – 1 524 жүк көлігін құрастырған. «Hyun­dai Trans Almaty» – 796, «Daewoo Bus Kazakhstan» – 537, «Уральскагрореммаш» 105 тех­ника өндірді. Басқа кәсіп­орындардың жиынтық көрсеткіші – 2 697.

Нарыққа шыққан көліктердің маркалары бойынша «Hyundai» (45 364) көш бастап тұр. Одан кейін «Chevrolet» (39 349), «Kia» (24 111), «Jac» (13 682), «Jetour» (11 305) орналасқан. Модельдер арасында ең танымалдары – «Chevrolet Cobalt» (33 843), «Hyundai Tucson» (21 881), «Kia Sportage» (9 192), «Hyundai Elantra» (8 022), «Jetour X70» (5 259).

Жалпы, көрсеткіштер жаман емес. Бірақ мұның басым бөлігі – шетелдік брендтердің жер­­­гі­­лік­ті жинағы екенін ескерсек, толық­қанды отандық өнді­ріс тура­лы айтуға әлі ерте. Әзір­ге біз ше­тел­дік модельдерді құрас­тырып, олар­ды ішкі нарыққа жет­кізіп отыр­мыз.

Банктер бәсекені күшейтті

2025 жылдың I тоқсанында автонесиеге сұраныс 13%-ға өсіп, банктерге 1,4 млн өтініш түскен. Орташа сұралған сома – 7,9 млн теңге. Сарапшылар мұны банктер мен автосалондардың бірлескен жарнамалық акция­сымен және екінші нарыққа арналған автонесиемен байланыстырады. Қазір 4%-дық мем­­ле­кеттік бағдарлама аясын­­да несие беретін 4 банк бар. Бірақ коммерциялық нарықта авто­­несие­леуді 9 банк белсенді жүр­гізіп жатыр. Мысалы, «Банк ЦентрКредит» бастапқы жарнамен 7 жылға 45 млн теңгеге дейін береді, мөлшерлеме – 21,6–23%. «Еуразиялық банк», «ForteBank», «Freedom Bank», «Bereke Bank», «Altyn Bank» – бәрі несиелеу нарығы үшін күресіп жатыр.

Бәсеке бір жағынан, халыққа тиімді. Екінші жағынан, шамадан тыс несие жүктемесі эконо­­­ми­ка­лық қауіпке айналуы мүмкін. Ұлт­­­­тық банк дерегінше, қазіргі кезде тұтынушылық несие­­­­лер­­дің үлесі 21,1 трлн теңгеге жеткен. Оның ішінде ипотека 6,7 трлн теңге, ал автонесие мен басқа тұты­ну­шылық кредиттер өсіп барады.

Қытай көліктерінің нарыққа келуімен отандық дилерлер мен банктер де түрлі жеңілдіктер жасауға мәжбүр болды. Қазір ал­­­ғаш­қы жарнасыз, 10–20% алғашқы жарнамен, 4%, 2%, тіпті 0,1% жылдық мөлшерлемемен көлік ұсынып жатыр. Акциялар өте жиі ұйымдастырылады. Құжат рәсімдеу, жеткізу шығындары да қалтаны қаға қоймайды. Бұл әрине, жалпы автонарықтағы баға­­ның төмендеуіне әсер етті.