Current Date: 14-06-2025

Су қоймаларынан бір тонна балықты заңсыз аулаған 16 адам ұсталды

Ұсталғандардың арасында бұрын браконьерлік жасағаны үшін сотталған азаматтар да бар.

Түркістан облысының полиция департаменті Сырдария өзені мен Шардара су қоймасынан аса ірі көлемде заңсыз балық аулаған қылмыстық топты анықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бас прокуратураның мәліметінше, бұл адамдардың біразы балық ауласа, біразы оны тасымалдап, сатқан. Бұның бәрін ұйымдастырып отырған бір адам болған. Барлығы 16 адам ұсталды. Олардың қатарында осындай қылмыстар үшін бұрын сотталғандар да бар.

"Қылмыстық топтың құрамында тікелей браконьерлер, заңсыз ауланған балықты тасымалдау және сату ісімен айналысқан логистер, сондай-ақ бұл қылмыстық әрекетті үйлестіріп отырған ұйымдастырушы болған", – деп хабарлайды еліміздің бас прокуратурасы.

Полиция 12 рет тінту жүргізіп, бір тоннадан астам балық, 12 қайық пен олардың қозғалтқыштарын, 2 мың метрден астам тор мен өзге құрал-жабдықтарды тәркілеген. Мемлекетке келтірілген шығын көлемі 10 млн теңгеге бағаланып отыр.