Current Date: 14-06-2025

Әкелер форумында жаңа декларация қабылданды

Әкелер күніне орай өткізілген «Әке. Отбасы. Қоғам» атты X республикалық әкелер форумында «ХХІ ғасыр әкесі: әрекетке шақыру» декларациясы қабылданды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Іс-шараны ҚР Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы мен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырып, форум ата-аналар, сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдар мен халықаралық ұйым өкілдерін біріктірді. Жалпы жиынға 200-ге жуық адам қатысты.

Форум барысында бала тәрбиесі, отбасылық құндылықтар, ата-ананың рөлі, балалардың қауіпсіздігі мен психикалық саулығы сияқты өзекті мәселелер талқыланды. Бұл тақырыптар мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда белгілеген басым бағыттарына негізделді.

Президент сөзінде:

Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы. Сондықтан біліммен қатар тәрбиеге айрықша назар аудару өте маңызды, – деген болатын.

Дәстүрге айналған форум он жыл бойы тәжірибе алмасу, тәрбие мен ата-аналық жауапкершілік туралы пікірталас алаңы ретінде қызмет етіп келеді.

Биылғы форумның басты жаңалығы – «ХХІ ғасыр әкесі: әрекетке шақыру» декларациясының қабылдануы болды. Бұл құжат қазіргі заман әкесінің рөлін қайта қарастырып, оны баланың өміріне белсенді қатысушы, қамқоршы әрі жауапты тұлға ретінде сипаттайды.

Декларацияда мынадай құндылықтар айқындалған:

  • баланың дамуына белсенді қатысу,
  • зорлық-зомбылықсыз ортаны қалыптастыру,
  • гендерлік теңдікті сақтау,
  • әйелдер құқығын құрметтеу,
  • психикалық және физикалық саулықты сақтау,
  • тұрмыстық жауапкершілікті бөлісу және
  • үлгі боларлық әке болу.

Сонымен қатар, құжатта 2030 жылға дейін ата-аналық тәрбиені, репродуктивті және психикалық денсаулықты дамытуға бағытталған бағдарламаларға ерлердің қатысуын арттыру, әкелер клубтарын құру мен қолдау бойынша нақты міндеттемелер белгіленген.

Форум аясында қабылданған бұл декларация отбасы мен қоғамдағы әкелердің жаңа бейнесін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.