Current Date: 14-06-2025

Ұлттық құндылыққа құрылған жазғы демалыс

9 ай оқып, тоқыған баланың ой-санасын сергіту, жаңа оқу жылына серпінді әзірлеу жаз демалысын жайлы өткізумен ұштасып жатыр. Осындай маңызы орасан, мәні терең кезеңді ұлттық құндылықтар негізінде ұйымдастыру екі есе ұтымды болмақ. Астана қаласындағы А.Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейі сапалы демалыстың осы тұсына айрықша ден қойған. Мектеп жанынан құрылған лагерьде балалар тынығып қана қоймай белсенді еңбекке араласып, бабадан балаға жеткен өнегелі өмір сүру дағдыларын бойына сіңіріп жатыр.

Алаш арысының есімін иеленген мектептің 1-6 сынып оқушылары екі маусымда білім ордасындағы лагерьде демалады. Олардың уақытын тиімді үйлестіру үшін алдын ала еңбек және шығармашылық белсенділік, туристік және танымдық маршруттар, зияткерлік әрі білім беру іс-шаралары сынды бағдарламалар бектілген. Мектеп-лицей директоры Қияқбай Нұриланың айтуынша, барлық ата-ана қаржылық тұрғысынан баласын таңдаулы лагерьлерге аттандыра алмайды. Осы тұстан келгенде мектеп жанындағы лагерьлердің орны елеулі.

«Біз лагерь барысында балаларды шынай бақытты етіп, ментальды саулығына назар аударудамыз. Сондай-ақ, шәкірттеріміздің әлеуметтік өмірге араласа алуы, сабақтан тыс дос табуы, жайлы ортасын қалыптастыруына септесіп, жұмылып отырмыз. Осы шараларға 250 бала қамтылады. Мектеп тек оқушыға білім алатын орын болумен шектелмей, оларды қоғамға нық қадам бастыратын мекеме болуы керек», деді А. Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейінің директоры.

Аа

Жаһандану кезеңінде жұтылмаудың жолы бүгінгі ұрпақты тарихи тегіне үңілдіріп өсіру. Ата-баба мұрасынан қол үздірмеу үрдісінде лагерьдегі үйірмелер осы мақсатпен үндестірілген. «Жас ұрпаққа ұлттық құндылықты ұғындырмай жалпыадамзаттық негізді ұғындыру қауіпті. Сондықтан мектебімізде арнайы «Толағай» ұлттық спорт залының есігін аштық. Мұнда оқушылар садақ атып, серке көтеріп, арқан тарту үшін қажетті база қалыптастырылған. Сабақ барысында ұлттық ойындардың шығу төркіні, ережелері түсіндіріледі. Бұл қадам арқылы шәкірттеріміздің шымыр әрі рухты болып жетілуіне жете көңіл бөліп отырмыз», деді Нұрила Бақтиярқызы.

Бүгін осы спорт алаңында әкелер мен балалар түрлі сайыста бақ сынады. Тіршілік тынысымен ата-ананың балаға сапалы уақыт арнауы күрделене түскен тұста әкелердің бала көңілін бағуы маңызды мәселе. Бұл туралы шараға белсенді қатысқан әке Нұрлыбек Жорабекұлы сөз қозғады.

«Расында елімізде әке мен баланың арақатынасы ақсап тұр. Әке мен баланың жарқын уақыт өткізуі, футбол ойнауы, садақ атуы, атқа шабуы кем көретін көрініске айналғаны жасырын емес. Тәрбиені мектепке немесе анаға ғана артып қоймай әкелер де ат салысуы тиіс. Осы ұранмен А.Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейі ұйымдастырған эстафетаға келіп отырмыз. Бұл спорттық шарада әке мен бала арасында тіл табысу мен қолдаудың қаншалықты бағалы екені айқын көрініп отыр», деді Нұрлыбек Жорабекұлы.

Лагерьде балалар сурет салып, тіл үйреніп, зерттеу жүргізумен қатар сәуірде егілген мектептің жылыжайын күтіп, баптайды. Мектеп ұжымы көкөністер өнімін аз қамтылған отбасыларға үлестіруді жоспарлап отыр. Табиғат құшағына еніп, өнімнің мол болуына бейіл болып жүргендердің бірі биыл 4-ші сыныпты аяқтаған – Мұхамеди Сұлтан.

Аа

«Лагерьде көңіл көтеру, танымдық саяхатпен қатар жылыжай болғаны қуантады. Мұнда көкөністерді өсірудің түрлі тәсілдерін меңгеріп жатырмыз. Ұстаздарымыз су құю уақытын, арам шөптерін тазалау, топырақ құнарлығын арттыру туралы бағыт-бағдар беріп отырды. Бұл үйренгендерімізді болашақта да кәдеге жарата аламыз», деді Мұхамеди Сұлтан.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биыл елімізде 10 мыңнан астам мектеп жанындағы лагерь жұмыс істеп тұр. Олардың тынысы бүгін біз бедерлеген лагерьдегідей өрілсе ұлттық құндылығымыз құлдырамасы анық.