Current Date: 14-06-2025

Ақмола облысы прокуратурасы І топтағы мүгедектің құқығын қорғады

Ақмола облысы прокуратурасы 1-топтағы мүгедектің заңды құқықтары мен мүдделерін тиімді қорғады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бұланды аудандық сотының шешімімен мүгедектігі бар азаматтан талапкердің пайдасына 1 миллион теңге көлемінде негізсіз байыту сомасы өндірілген болатын. Алайда сот отырысы барысында талапкер мен жауапкердің бір-бірін мүлде танымайтыны және олардың арасында ешқандай шарттық немесе өзге де құқықтық қатынастар болмағаны анықталды. Бұдан бөлек, жауапкер – 1-топтағы мүгедек, оған балалар церебральды сал ауруы диагнозы қойылған, денсаулығына байланысты өздігінен шешім қабылдау қабілеті шектеулі. Осы мән-жайларды ескере отырып, Бұланды ауданының прокуроры аталған сот шешіміне қатысты апелляциялық өтініш беріп, әділеттіліктің қалпына келтірілуіне ықпал етті.

Нәтижесінде, Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы прокурордың өтінішін қанағаттандырып, бірінші сатыдағы соттың шешімін жойып, талап қоюдан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдады. Бұл жағдай прокуратураның азаматтардың құқықтарын қорғаудағы белсенді қызметінің және әлеуметтік әлсіз топтардың мүдделерін қорғауға бағытталған нақты іс-қимылының айқын көрінісі болып табылады.

Айта кетейік, Абай облысында прокуратура 200 млн теңгеге заңсыз шарт жасасудың жолын кесті.