Семейде Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Президиумының «Қуатты өңірлік ғылым — қуатты өңір» тақырыбында көшпелі отырысы өтті. Жиында өңірлердегі ғылыми әлеуетті дамытуды қолдау тұжырымдамасы кеңінен таныстырылды. Абай облысында пайдалы қазбалардың молдығы, географиялық орналасуы, тіптен ғылым қаласы атанған Курчатов шаһарының барлығы да кез-келген саланы ғылым арқылы дамыта түсуге жол ашады. Кәсіпорындар мен жоғары оқу орындары арасында әріптестік қатынас бар. Ауыл шаруашылығы, инженерияда университет мамандарының ұсыныстары өндіріске енгізілмек. Германия, Жапония, Түркия, Ресейдегі зерттеу институттарымен бірлескен жобалар жүзеге асып жатыр. Олардың бірқатарын жиында сөз алған облыс басшысы атап өтті.
Берік Уәли, Абай облысының әкімі:
Ұлттық құрылтайдың 4-ші отырысында Мемлекет басшысы Курчатов қаласының тиісті тәжірибесі мен дәстүрі онда ғылыми қалашық салуға мүмкіндік беретіндігін атап өткен болатын. Қазір тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Ондағы Ұлттық ядролық орталық пен ядролық технологиялар паркі, ядролық медицина орталығымен қоса алғанда әлемдік жобаларды әзірлеуге таптырмас алаң екені даусыз. Біз осы мүмкіндікті жеткілікті деңгейде пайдалануымыз керек деп ойлаймын.
Қазір еліміздегі ғалымдардың 66 пайызы Астана мен Алматы қаласында шоғырланған. Ал бұл өңірдегі ғылымның баяу дамуына әсер етуде. Сондықтан Президент тапсырмасына орай арнайы заңға өзгерістер енгізілген. Соның арқасында әр облыста түрлі саланы ғылыммен байланыстыра отырып дамытуға жол ашылмақ.
Ақылбек Күрішбаев, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті:
Осы өңірге қандай кадрлар керек, қандай мамандар керек, Қанша грант бөлу керек? Ол Астанадан шешілмеу керек. Өңірдің өзі шешуі керек. Содан кейін жоғарыға ұсыныстарын беруі керек. Ең маңыздысы қазір Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әрбір өңірлік құрылымға, әрбір әкімдікке қаржы бөлінетін болды. Өздері қаржыландырып отырады. Сөйтіп өзгеріс жасаймыз. Сөйтіп өндіріске жақын болады ғалымдар да.
Ержан Жақып