Солтүстіктегі Ресей Федерациясында картоп бағасы былтырдан бері үш есе қымбаттаған .
Америка Құрама Штаттары сияқты дамыған экономикаларда инфляцияны есептеу үшін пайдаланылатын қоржынның шамамен 14%-ы азық-түлік үлесіне тиесілі болса, Ресейде бұл көрсеткіш 40% немесе одан да жоғары. Сондықтан кейбір сарапшылардың ойынша, картоп пен басқа да негізгі өнімдер бағасының өсуі Ресей басшылығының қатаң ақша-несие саясатын ұстануына басты себеп.
Ресей орталық банкі маусымның 6-да өзінің пайыздық мөлшерлемесін 20%-ға дейін төмендетті. Бірақ осының өзі — 2003 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш.
Өткен жылы жиналған өнім 12 пайызға төмендегеннен бері Ресейде картоп бағасы үш есеге қымбаттаған.
"Бұл масқара ғой. Картоп әрқашан арзан болушы еді. Мұндай бағаға оны сатып алмаймын, менің ойымша, алушылар азая береді", — деді Мәскеудегі "Пятерочка" дисконттық дүкенінің жанында "Рейтерге" сұқбат берген 67 жастағы Тамара есімді зейнеткер.
РФ орталық банкінің басшысы Эльвира Набиуллина пайыздық үстеме төмендетілгеннен кейін баспасөз мәслихатын өткізіп, картоп проблемасын мойындады.
"Адамдар смартфондар мен теледидарларды күнде сатып алмайды. Олар ақшаны көбінесе азық-түлікке жұмсайды. Егер баға тез өссе, бұл инфляцияны жоғарылатады", — дейді ол.
Romir сараптама орталығының зерттеуі көрсеткендей, ресейлік үй шаруашылықтары сәуір айында табысының 35 пайызын азық-түлікке жұмсаған, бұл – соңғы бес жылдағы рекордтық көрсеткіш және ол өткен жылдың сәуірінен бері ресейліктердің тамаққа ақшаны 29 пайыз көп шығындағанын көрсетіп берген.
Картоп дағдарысы
"Пятерочкада" ресейлік ескі картоп келісінің құны 84, жаңасының бағасы 120 рубльге (1,53 доллар) жеткен. Ал өткен жылдың осы уақытында бөлшек сауда дүкендерінде картоп орташа есеппен 43 рубльге сатылыпты.
Ресейде пияз, қырыққабат, қызылша, сәбіз (борщқа қажетті негізгі ингредиенттер) бағасы да өскен. Айта кетсек, көкөністің дәл осы түрлері, Шығыс Еуропада азық-түлік инфляциясын анықтау үшін жиі қолданылады.
Мәскеудегі үкімет бұл проблемаға импортты арттыру арқылы жауап беріп жатыр. Мысыр Ресейге картоп жеткізуді үш есеге көбейтсе, Беларусь өз қорының таусылғанын мәлімдеген.
Шілдеге үміт
Ресейлік фермерлер өткен жылы өнімнің аз болуына ауа-райын кінәлады. Сонымен қатар, олардың пікірінше, бағаның көтерілуіне себеп болған өзге де факторлар бар. Олар – техника мен жанар-жағармайдың, тыңайтқыштар мен жұмыс күшінің қымбаттауы, жоғары пайыздық мөлшерлеме екен.
"Шілде айынан бастап бағаның төмендегенін, тұрақтанғанын көреміз", — дейді Ауыл шаруашылығы министрі Оксана Лут.
Ресейде зейнеткерлер халықтың төрттен бірінен астамын құрайды және елдегі орташа айлық зейнетақы сәуірде 23 448 рубль болған.
АҚШ-та тұратын бұрынғы орталық банк қызметкері және оппозициялық экономист Сергей Алексашенконың ойынша, зейнеткерлер мен бюджеттік сала қызметкерлері картоптың қымбаттауы тәрізді өзгерістерден әлдеқайда ауыр зардап шегеді.