Қазақстандық қыздар әлемдік спорт сахнасында кезекті рет айтулы жетістікке жетті!
13-15 маусым аралығында Қытайдың Сиань қаласында өтіп жатқан әртістік жүзуден Әлем кубогының суперфиналы аясында қазақстандық дуэт әлемдік рейтингтің екінші сатысына көтерілді.
Еске салсақ, биылғы маусымдағы Әлем кубогы төрт кезеңнен тұрды: алғашқысы Францияда, екіншісі Египетте, үшіншісі Канадада өтті. Ал шешуші кезеңге аспан асты елі Қытай қабылдап отыр.
Әртістік жүзуден ұлттық құрама сапындағы Ясмин Туякова, Арина Пушкина және Даяна Джаманчалова өз өнерімен талайды тамсандырып, төрт кезеңнің қорытындысы бойынша дүниежүзілік деңгейде 2-орынға ие болды. Бұл қазақстандық синхрон жүзу тарихындағы айтулы белес.
Қытайдағы жарысқа елімізден 14 спортшы қатысып жатыр. Жалпы, додаға 16 елден 125 спортшы жиналған.
Бұл жетістік Қазақстан спортшыларының табандылығы мен шеберлігінің айқын дәлелі. Әртістік жүзу – тек сұлулық пен пластика ғана емес, ол үлкен еңбектің нәтижесі.