Еліміздің сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев еліміздегі дипломатиялық миссиясы аяқталуына орай Грузияның Елшісі Николоз Лалиашвилиді қабылдады , деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Грузия арасындағы саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, энергетикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың даму жағдайы мен перспективаларын талқылады.
Осы орайда Қазақстан мен Грузия арасындағы екіжақты қатынастарды тереңдету мен кеңейтуге қосқан елеулі үлесі, сондай-ақ халықаралық алаңдарда екі ел арасындағы әріптестікті дамыту бағытында атқарған еңбегі үшін Грузия дипломатына ризашылық білдірілді.
Өз кезегінде Грузия Елшісі Қазақстанда дипломатиялық қызметін атқарған кезеңде көрсетілген тұрақты қолдау үшін алғыс айтып, екі ел арасындағы өзара құрмет пен сенімге негізделген ынтымақтастықтың одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.