Current Date: 15-06-2025

Астанада әскери дәрігерлер марапатталды

Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Қорғаныс министрлігінің Бас әскери клиникалық госпиталінде салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Әскери дәрігерлерді құттықтауға Астана медицина университетінің профессор оқытушылары мен денсаулық сақтау саласында елеулі еңбек етіп келе жатқан мамандар қатысты.

Медицина ғылымы мен практикасының танымал майталмандарын көргеніме қуаныштымын. Сіздердің кәсіби және әдістемелік еңбектеріңіз біз үшін маңызды. Тәжірибемен бөлісіп, бізді қолдап, жеке құрамды дамытуға жігер бергендеріңіз үшін рахмет, – деді Бас әскери клиникалық госпиталь бастығы, медициналық қызмет полковнигі Арман Ескендіров.

Ол өз сөзінде медицина ардагерлеріне жылы лебіздерін білдіріп, олардың еңбек жолы денсаулық сақтауды дамыту тарихы, бүгінгі ұрпаққа өнеге екенін атап өтті.

Бүгін сіздердің араларыңызда тұру мен үшін үлкен мәртебе. Госпиталь басшылығына академиялық қоғамдастықпен ынтымақтастық үшін шын жүректен алғыс айтамын. Әскери медицина қызметі – бұл мамандық пен Отанға деген адалдықтың ең жоғары көрінісі. Бұл тек білім мен тәжірибені ғана емес, батылдықты да қажет ететін еңбек, – деді "Астана медицина университеті" КЕАҚ реабилитология және спорттық медицина кафедрасының профессоры Виктор Ткачев.

Кәсіби мереке құрметіне денсаулық сақтау саласындағы көпжылдық, жемісті еңбегі үшін "Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін" төсбелгісімен госпиталь бастығының орынбасары, медициналық қызмет полковнигі Аслан Асылханов және урология бөлімшесінің бастығы медициналық қызмет подполковнигі Дастан Кенжерахманов марапатталды.

Бұдан өзге жиында ерекше көзге түскен мамандарға Денсаулық сақтау министрінің Алғыс хаттары, ал құрметті қонақтарға Қарулы Күштердің Бас әскери-медициналық басқармасы бастығының Алғыс хаттары табыс етілді. Аурухананың үздік қызметкерлері медициналық мекеме бастығының Құрмет грамоталарымен марапатталды.