Current Date: 16-06-2025

Алатау қаласында заңсыз құрылыстар анықталды

Облыс әкімінің Марат Сұлтанғазиевтің көшпелі отырысында заңсыз құрылыс фактілері анықталып, жауапты мемлекеттік органдарға тапсырмалар берілді.

Заречный шағынауданында өткен көшпелі кеңес барысында "LH AL" жеке серіктестікке тиесілі құрылыс нысанында рұқсат құжаттарынсыз жер қазу жұмыстары жүргізілгені белгілі болды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Тексеру нәтижесінде компанияның құрылыс заңнамаларын сақтамай жұмыс жүргізіп жатқаны анықталған. Облыс әкімі заңбұзушылықтарды қатаң сынға алып, тиісті шаралар қабылданатынын айтты.

– Біз ретсіз құрылысқа және жер мен экологияға немқұрайлы қарауға жол бермейміз. Барлық жұмыстар заң талаптарына сәйкес жүргізілуі тиіс, – деді Марат Сұлтанғазиев.

Осыған байланысты әкім бірқатар мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар жүктеді. Алматы облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына "LH AL" ЖШС нысанындағы барлық құрылыс жұмыстарын тиісті жобалық және рұқсат құжаттары толық реттелгенге дейін тоқтату тапсырылды. Алатау қаласының әкімдігіне уәкілетті органдармен бірлесе отырып, ұңғыманың өздігінен ағуын жою бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеу міндеттелді.

Сонымен қатар, "БАБИ" республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ұңғыманың ағуын жою процесіне тұрақты бақылау орнату тапсырылды. Алматы облысының Экология департаменті тарапынан ұңғымадан тараған судың қоршаған ортаға әсерін бағалап, тиісті экологиялық мониторинг жүргізілуі қажет. Ал Төтенше жағдайлар департаментіне нысанда төтенше жағдайдың туындауына жол бермеу мақсатында бақылауды қамтамасыз ету жүктелді.

Табиғат қорғау прокуратурасы мен Полиция департаментіне заңнама талаптарының сақталуына бақылау орнатып, құқықтық шаралар қабылдау тапсырылды. Облыс әкімінің аппаратына бұл жағдай бойынша облыстық деңгейдегі тиісті құрылымдардың әрекетсіздігі туралы орталық мемлекеттік органдарға ұсыныс жолдау міндеті жүктелді. Құқықтық баға беру үшін барлық материалдар уәкілетті органдарға жолданады.