Биылғы 5 айда отандық өнеркәсіп өндірісі 6,4%-ға өсті. Алайда өңдеу секторындағы өндіріс көлемі Шығыс Қазақстан, Ұлытау, Қостанай облыстарында бәсеңдеген. Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин өткізген кеңесте осы және еліміздің жалпы ішкі өнім өсімін арттыру мәселелері қаралды.
«Биыл Жалпы ішкі өнімді 6%-ға ұлғайту міндеті қойылып отыр. Оған қол жеткізу үшін экономиканың барлық саласы межеленген индикаторларға қол жеткізуі керек», — деді Серік Жұманғарин. Сондай-ақ әкімшілк кедергілерді жойып, нақты айлық жоспарлар әзірленуі қажет. Кеңесте биылғы 5 айда құрылыс саласының өсімі 15,4%-ға жеткені баяндалды. 2 трлн теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 5 айда 6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.