Current Date: 16-06-2025

25 миллион теңге: Оралда азаматтарды алдаған туристік агент сотталды

15-тен астам адам алаяқтың құрбаны болды.

Оралда туристік қызмет көрсету түрімен жасалған алаяқтық әрекет тоқтатылды, деп хабарлайды бас прокуратура.

Орал қаласының тұрғыны анасын жеке кәсіпкер ретінде тіркеп, жалған туристік қызметін ұйымдастырған.

"Заңды бизнестің көрінісін жасай отырып, ол әлеуметтік желілерде жарнама орналастырып, клиенттермен ресми келісімшарттар жасап, фискалдық чектер берген және мессенджерлер арқылы байланыс жүргізген. Бұл азаматтардың оның қызметіне деген жалған сенімін қалыптастырған", – деп жазылған хабарламада.

Прокуратураның мәліметінше, 15-тен астам адам алаяқтың құрбаны болды. Келтірілген залалдың жалпы сомасы 25 миллион теңгеден асқан.


Оқи отырыңыз: Жалпы шығын – 1,6 млн теңге: Оралда жас жігіт пәтерде бірге тұратын танысының ақшасы мен алтындарын ұрлаған


Орал қалалық сотының үкімімен алаяқ екі және одан да көп адамға қатысты аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды.

Ол туризм саласындағы кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан жеті жыл мерзімге және бес жылға бас бостандығынан айырылды.