Көптен күткен демалыс уақыты да келді. Осыған байланысты, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде өзекті және құнды ақпарат жарияланды. Мамандар демалыстың ұзақтығы жайлы және кімнің қосымша демалуға құқығы бар екенін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
ҚР ЕХӘҚМ Еңбек инспекцясы комитетінің бас сарапшысы Данияр Балтабай "Білу маңызды" айдарының жаңа шығарылымында жыл сайынғы ақылы демалыс қызметкерлерге демалу, күш-қуатты қалпына келтіру, денсаулықты нығайту және жеке мәселелерді шешу үшін берілетіндігін айтты.
Оның ең аз дегендегі ұзақтығы 24 күнтізбелік күн.
Маманның айтуынша, демалыстың ұзағырақ уақыты ҚР Еңбек кодексіне басқа да нормативтік құқықтық актілерге, еңбек немесе ұжымдық шартқа, сондай-ақ, жұмыс берушінің ішкі құжаттарына сәйкес көзделуі мүмкін.
Бұл ретте, жұмыскердің жұмыс орны мен орташа жалақысы сақталады.
Артынша ол жеке санаттарға қатысты мысал да келтіре кетті:
- педагогтер "Білім туралы" заңға сәйкес – 56 күн;
- азаматтық қызметшілер үшін "Еңбек кодексіне" сәйкес – 30 күн;
- мемлекеттік қызметкерлерге "Мемлекеттік қызмет туралы" заңға сәйкес – 30 күнтізбелік күн.
Сондай-ақ, ол қосымша демалыстар ауыр, зиянды немесе қауіпті жұмыстармен айналысатын жұмыскерлерге, мұнымен қоса, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар жұмыскерлерге кемінде қосымша 6 күнтізбелік күнге дейін беріледі.
"Қызметкерлердің басқа санаттары үшін қосымша демалыс және оның ұзақтығы ҚР жекелеген заңдармен белгіленуі мүмкін". Данияр Балтабай
Бұған дейін Иран мен Израиль арасындағы қақтығысқа әлемдік нарық қалай әсер еткендігін жазған болатынбыз.